Кез келген мемлекеттің, қоғамның өзіндік ерекшеліктері болады. Ол ғасырлар бойы қалыптасып отыратын мемлекеттің мүддесімен, ұлттың тарихымен және өмір сүру тәжірибелерімен тығыз байланысты. Яғни мемлекеттің, оның қоғамының ерекшеліктерін айқындап отыратын ұлттық құндылықтар. Ұлттық құндылықтар болмаса мәдениет, дін мен дәстүр, қоғамдағы тұрақтылықты, рухани тұтастықты айқындап отыратын ұлттық бірегейлік сақталмайды. Бұның барлығы ұрпақ санасында өмір сүретін ұлттық құндылықтар туралы ұғымға тікелей тәуелді. Ұлттық құндылықтардың қатарына дүниетаным, ана тілі, ұлттың ділі, дәстүрі, мәдениеті, діні, ұлттық өнер түрлері, атамекен, осы атамекенде жер рухын негіздеп отыратын ата кәсіп түрлері, білім, ғылым және т.б. жатады. Бір сөзбен айтқанда ұлттың табиғи ортасына сай өмір сүрудегі қол жеткізген тәжірибелері мен игіліктерін ұлттық құндылықтар дейміз.
Қазақ даласына Ислам діні VІІІ ғасырдың басында келді. Сол кезден бастап, бүгінгі күнге дейін қазақ жерінде Ислам діні негізгі дін болып келеді. Сондықтан да, халқымыздың салт-дәстүрі мен мәдениеті Исламмен өте тығыз байланыста. Дін мен дәстүр қоса жүріп, еш уақытта қарама-қайшылыққа түспеген. Соңғы жылдары еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін халқымызға Ислам діні қайта оралып, мешіттер бірінен соң бірі ашылды. Осы орайда, өз кезегінде елімізге әртүрлі, ұлттық құндылықтар мен мәдениетімізге жат болып табылатын – кереғар діни ағымдар да келді. Солардың ішінде исламдық бағыттағы жат ағымдар қазақ халқының ғасырлар бойы қалыптасқан дәстүрі мен мәдениетін «Исламға қайшы» деген қате түсініктерді таратуда. Сол арқылы қазақ халқының, жалпы еліміздің тұтастығы мен бірлігіне қауіп төндіруі мүмкін. Сондай-ақ, жат ағымның жетегінде жүрген бауырларымыз өздері ғана жат ағымға еріп қана қоймай өзге жастарды да әртүрлі іс-әрекеттермен өз қатарларына қосуға тырысып бағуда. Осы мәселелерді тоқтату және алдын алу үшін ел болып, халық болып, жалпы қоғам болып атсалысуымыз қажет…