Тәрбие бұлағы болған анасын дұрыс таңдау да маңызды. Бұдан байқайтынымыз үйленгенге дейін де дайындық болуы керек, сауат болуы керек, білім болуы керек! Мектепте, не жоғарғы оқу орнында берілетін білім емес, адам ретінде болашақ өміріне деген жауапкершілікті сезіндіретін білім қалыптасуы қажет! Қазіргі таңда көп ата-аналар саналарында «мінсіз бала» образын құрастырып еуропалықтарға еліктеуде. Барлық сұрағымыздың жауабы бар шариғатта, өнегелілікке толы салт-дәстүріміз тұрғанда «мінсіздікті» қалыптастырудың қажеті де жоқ.
Абай: «Біреулер құдайдан бала тілейді. Ол баланы не қылады?» — дей келіп, «Артымнан құран оқысын деп тілейді» — дейді. «Артымнан балам құран оқысын десең, тірлікте өзіңнің жақсылық қылған кісің көп болса, кім құран оқымайды? Егер жаманшылықты көп қылған болсаң, балаңның оқыған құраны сені неге жеткізеді? Тірлікте өзіңе-өзің қылмаған істі өлген соң саған балаң кәсіп қылып бере ала ма?» — дейді. Демек, алдымен өзің жақсы болуың керек. Сонда балаң өзі-ақ жақсы болады. Бірінші өзіңді тәрбиеле. Міне, Абайдың бала тәрбиесіндегі әуелгі ұстанымы – осы. Сол үшін де «балаң жақсы болсын десең алдымен ата-ана өзіңді тәрбиеле» — деп бекер айтпаған дана.
Қазірде Абай секілді бала қоғамда неге тәрбиелей алмаймыз? Себебі біз баланы қалай ғылым білімге ынтықтыруды білмейміз! Бар талпындыратын мақсатымыз «сабағыңды беспен оқы!», «жоғарғы оқу орнына грантқа түс!», одан қалса «бастық бол!» — деп тәрбиелейміз. «Ғалым бол», «молда бол» — деп тәрбиелейтін ата-аналар аз. Сол себепті де қазірде әлеуметтік желіге байланған, саналары уланған ұрпақ өсуде.
«Бала тәрбиесінің ең үлкені – оны еңбекке баулу. Еңбекшіл жас қана ең үздік азамат болып қалыптасады» — деген Әзілхан Нұршайықов. Сол себептіде баланы ең алдымен еңбекке баулып өсіру керек.
Теолог маман Б.Абдрахман