Қазіргі Қазақстан жағдайында ұлттық және азаматтық бірліктің маңызы өте зор. Яғни әрбір азамат шыққан тегі мен діни нанымына қарамастан өзінің тағдыры мен болашағын Қазақстан елі және мемлекетімен тығыз байланысты екенін терең түсіне білуі қажет.
Діни бірлестіктер – діни сенімді уағыздау, тарату мақсатында құрылған. Осы мақсатқа лайықты белгілері: дінді тұту, құдайға құлшылық ету, басқа діни салттар мен ырым-жоралғылары бар, сондай-ақ дінге үйрету және өз ізбасарларына діни тәрбие беруге ұмтылатын азаматтардың ерікті бірлестігі. Олар діни топтар (заңды тұлға емес) және діни ұйымдар (заңды тұлға ретінде тікеуден өткен) ретінде құрыла алады. Діни ұйымдар жергілікті (ізін қуған адам оннан кем емес) және орталықтандырылған (құрамында үштен кем емес жергілікті ұйымдар кіретін) болып бөлінеді.
2023 жылғы ресми ақпарат бойынша елімізде 18 конфессияны қамтитын 3977 діни бірлестік тіркелген: Олардың 2835 – исламдық, ал 342 – православие, 93 – католик, 586 – протестант болса, 61 – Ехоба куәгерлері, 24 – Жаңа апостолдық шіркеуі, 13 – Кришна санасы қоғамы, 7 – иудаизм, 6 — бахаи, 2 – буддизм, 2 – соңғы күнгі әулиелер Иса Мәсіхтің шіркеуі (мормондар), 1 – муниттер болып тіркелген.
Мемлекет (заң бұзушылық орын алмаған жағдайда) діни ұйымдардың ішкі істеріне араласпайды, атап айтқанда діни ілімдердің мазмұнына, діни рәсімдер мен ғибадаттардың атқарылуына, діни бірлестіктер мен ұйымдарды ұйымдастырылуы мен басқарылу тәртібіне қатысты шешімдер қабылдамайды, діни ұйымдар өздеріне тиесілі қаражатты пайдалануда еркіндікке ие (бірақ кейбір елдерде діни бірлестіктердің өз мүшелері алдында қаржылық есеп беруі құрылтай құжаттарында қарастырылған):
– мемлекет діни бірлестіктер мен ұйымдарға материалдық қолдау, соның ішінде қаржылық демеушілік жасамайды;
– діни бірлестіктер мен ұйымдар ешқандай мемлекетттік қызметтерді атқармайды;
– діни бірлестіктер мен ұйымдар мемлекеттік істерге араласпайды, тек азаматтардың діни қажеттіліктерін өтеуді қамтамасыз етеді, мемлекет өз кезегінде діни бірлестіктердің заңды қызмет етуіне құқықтық жағдай жасайды.