Ордабасы күннен-күнрге жанданып, жаңарып келеді. Әрине, бұл бүкіл ауданның еңбегі. Ауданда соңғы жылдары ауыл шаруашылық өнімі артып, ауданды гүлдендіруге, көріктендіруге бағытталған жұмыстар да қарқынды жүріп тұр. Ең алдымен мұндай нәтиже жергілікті биліктің тұрғындармен бірлесе іс атқаруында болса керек.
«Тазалық – табалдырықтан басталады», демекші қоршаған ортаның тазалығына жауапкершілікпен қарау – әрбір азаматтың басты міндеті.
Аудан әкімі Нұрбек Бадырақовтың тапсырмасына сәйкес, аудан көлемінде ұйымдастырылған тазалық жұмыстарына барлық мекеме қызметкерлері бір кісідей атсалысып, әрбір мекеме бөлінген аумақтарына тазалық жұмыстарын қарқынды жүргізді.
Сенбілік барысында Темірлан елді мекеніне кіре беріс Арыс өзені көпірінен «HELIOS» жанармай бекетіне дейінгі 700 метр жол бойында шөбін шабу, тазалау жұмыстары жүргізіліп, Темірлан абаттандыру мекемесі Қажымұқан көше бойындағы балалар ойын алаңшасын дәнекерлеу жұмыстары мен техникалармен қоқыс қалдықтарын шығарып, ортақ мекеннің тазалығына өз үлестерін қосты.
Айта кетсек, сенбілік шарасы ауданға қарасты барлық ауылдарда тұрақты түрде жүргізілу үстінде.
Ауыл округтерінде тұрғындармен кездесулер өткізіліп, бей-берекет қоқыс тастаудың айыппұл төлеуге соқтыратыны да түсіндірілді. Алдағы уақытта аудан тазалығын сақтау мақсатында жұмыстар жүйелі жоспарға сәйкес жалғасатын болады.
Сондай-ақ, ауданға қарасты ауылдық округтердегі каналдардың жайы да назардан тыс қалмақ емес. Ал әкімшілік тарап ауданда тұратын азаматтардан баспаналарының төңірегіндегі канал, арықтарға қоқыс қалдықтарды тастамай, өз көшелерінің алдындағы арық атыздарды таза ұстауға шақырады.