Бүгінгі Үкімет үйіндегі отырыста күн тәртібіне сәйкес халықтың табысын арттыру бағдарламасы талқыланды. Селекторлық жиынға Шымкент қаласының әкімі М.Әйтенов, орынбасарлары мен басқарма басшылары қатысты.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, қазіргі таңда «Халықтың кірісін арттыру бойынша 2025 жылға дейінгі шаралар кешені» әзірленіп, пысықталуда.
Шымкент қаласы тарапынан жобаға «жастар практикасының мерзімін ұзарту, қоғамдық жұмысқа қатысушылардың, денсаулық сақтау, спорт саласындағы мамандардың жалақысын көтеру, өңдеу өнеркәсібін дамытып, саладағы еңбек өнімділігін арттыру мақсатында индустриалдық аймақтарды дамыту, инженерлік инфрақұрылыммен қамту» бойынша ұсыныстар берілді. Шаралар кешені жобасында 4 бағыт қамтылған:
— Халықтың еңбек кірістерін арттыру;
— Ауқымды жұмыспен қамтуды дамыту арқылы халықтың кірістерін арттыру:
— Кірістердің сатып алу қабілетін қорғау;
— Кәсіптік бағдар беру және ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізу.
Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі.