Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент палаталарының бірлескен отырысында Қазақстан халқына жыл сайынғы дәстүрлі Жолдауын жариялады. Жолдаудың басым бөлігі экономикалық және әлеуметтік мәселелерге арналды. Өзім білім беру саласында жүргендіктен, Президенттің Жолдауында білім мен ғылым саласына қатысты айтылған маңызды ойларына тоқталуды жөн көрдім.
Біріншіден, әлемді жаулаған індетке байланысты білім алушылардың басым көпшілігі қашықтан оқуға көшті. Солардың қатарында М.Әуезов атындағы ОҚМУ де өткен оқу жылы мен осы жылы да қашықтан оқыту жүйесін барлық мамандықтарға енгізген болатын. Әрине, оқытушылар мен білім алушыларға бұл жүйеге көшу оңай болмады. Сонымен қатар, түрлі платформада жұмыс істеуге тура келді. Сондықтан Президенттің толыққанды оқу үдерісі үшін қажетті барлық функциялары бар бірыңғай онлайн білім беру платформасын шұғыл әзірлеу тапсырмасы өте орынды.
Екіншіден, білім саласындағы басты мәселенің бірі – ұстаздар жалақысының аздығы. Бұл шындық! Мемлекет басшысының 2021 жылдың қаңтар айынан бастап мұғалімдердің еңбекақысын 25 пайызға көбейту жөніндегі шешімі құптарлық жаңалық. Жалақы мөлшері алдағы уақытта да арта береді,-деді Президент. Тек, ескере кететін бір жәйіт, Мемлекет басшысының бұл шешімі тек мектеп мұғалімдеріне ғана емес, білім беру саласындағы барлық қызметкерлерге қатысты болса екен.
Үшіншіден, ҚР Президенті Қ.Тоқаев ғылым саласын дамыту және жас ғалымдарды қолдауға қатысты маңызды мәлімдеме жасады. Ол Үкіметке жыл сайын әлемнің жетекші ғылыми орталықтарында 500 ғалымның тағылымдамадан өтуін қамтамасыз етуді, сондай-ақ, «Жас ғалым» жобасы аясында зерттеу жүргізу үшін 1000 грант бөлу бойынша тапсырма берді. Бұл жастардың ғылыммен айналысуларына мол мүмкіндік туғызатыны сөзсіз.
Закира ЕМКУЛОВА,
М.Әуезов атындағы ОҚМУ-нің аға оқытушысы.