Біз қарапайым отбасында өмірге келдік. Әке-шешеміз жоғары білімді мамандар болмаса да біздерді ешкімнен кем етпей өсірді. Бар болса тасымадық, жоқ болса жасымадық.
Отбасында балалық бал күндерді алтаумыз бірге көрдік. Төрт қыз, екі ұл. Әкеміз қатарынан үш қыз өмірге әкелген анамызға «неге ұл емес…» дегенді айтпапты.
Ол кезде қазіргідей емес, алдын ала айтпай-ақ алыс-жақын туыстар күн-түн демей жолы түссе келе беретін. Әулеттің үлкені болғандықтан ба, болмаса әке-шешесі тұрған қара шаңырақ болды ма үйден қонақ үзілмеуші еді. Әкеміздің достары да көп болатын. Әлі күнге есімде ол кезде мектепке бармаған кезім. Әкем қыздарын айтып мақтанып отыратын. Міндетті түрде екі әпкемді шақырып таныстырады. Үлкен қызым – Тутля, екінші қызым – Катя дейді.
Менің де жандарына барғым келіп тұрады, алайда кішкентай дей ме, мені шақырмайтын. Әпкелерімді неге олай атайтынын да түсінбейтінмін. Ауылда емге орыс табылмайтын. Болмаса үлкенінің есімі – Гүлбазар, екіншісі – Хадиша болатын.
Отбасында әкеміздің орны ерекше болатын. Бәрін сол кісі басқаратын. Мейірімді, балажан болғанмен, мінезі тік, қатқылдау болатын. Аптасына бір рет қыздарға тәрбиелік жиналыс жасайтын. Сондай жиналыстың бірінде қатарға мен де тұрдым. Әкем марқұм: «Қане, сендерге не керек, не жетпейді?» дегенде, мен ойланбастан «тәпішке керек» дегем ғой. Әкем: «қызым сен жата ғой, тәпішкені ертең әкеп беремін» деп мені төсегіме жатқызды. Ертесіне тәпішке әкеп берді. Мен мәзбін. Сол тіркес арамызда әлі бар. «Не жетпейді, не керек?» десе болды, бәрі «тәпішке керек» деп күледі.
Ол сөздердің мағынасын өсе келе түсіндік. Сол жиналыстардың нәтижесі де жаман болған жоқ. Бәріміз жоғары білім алдық, мектепті Тутля мен Катя алтын медальға бітірді. Мектептің мақтанышы болдық.
Өмірге төртінші қызы келгенде әкем айрықша қуанды. Аты – Зира. Оны Пиошка деп еркелетті. Пиошка сап-сары, шашы бұйра, айтқанынан қайтпайтын ерке қыз болып өсті. Анамыз: «кіп-кішкентай болып отырып емізсең ембейтін, тұрып жүріп емізетінмін» деп айтып отыратын.Сол еркелігінің арқасында әкемізге де ойындағысын айтып, айтқаны болмаса ерегісіп айтқанын жасататын. Кейде әкемізге айта алмайтын ойымызды осы Пиошка арқылы жеткізетінбіз. Студент әпкелерімізге мақта теруге кеткенде анамыздың айтуымен бар жаңалықты қалдырмай, тәптіштеп хат жазатын да осы Пиошка болатын.
Пиошка екеуміз тете болмадық. Бірақ сырымыз да, жырымыз да бір болатын. Екі әпкеміз бізден үлкендеу болды ма, сырласпайтынбыз. Олар студент болып кеткенде, үйдің бар жұмысы екеумізге қалды. Ешқашан ұрыспадық, таласпадық, ортақ шештік.
Уақыт келе біз де бойжетіп оқуға түстік. Мен Алматыға кеттім, Пиошка әкемнің қалауымен Шымкенттегі пединститутқа оқуға түсті. «Менің қалауым – физика емес, менің қалауым – қазақ тілі» деп жүріп қолына дипломын алып, Қазығұрт ауданының Көкібел деген ауылына жолдамамен мектепке жұмысқа орналасты. Қаладан мұғалім болып барған керім бойжеткенге елдің көзі түседі. Аш қасқырдай жабысқан ауылдың жігіттерінен қорқып, бір келгенінде «Ауылда қалғым келмейді. Қалада жігітім бар, соған тұрмысқа шықсам деймін» деп менімен сыр бөлісті. Ол кезде мен үйлі-жайлы болатынмын. Осылайша қазіргі күйеу балам – Сәкенмен таныстым. Ұзын бойлы, сымбатты жігіт екен. Пиошканы қимасам да, ұзатуға келістік. Ол кезде қолдан ұзату некен-саяқ болатын. Менің үйімде достарына кішкене дастархан жайып, шығарып салдық. Ішім әлем-жәлем, жылап жүріп, бақытты болуын тілеймін….
Пиошка қайсар мінезінің арқасында ауылдағы бір сүймеген жанның етегінен ұстамай, сүйгеніне қосылды. Бірінші тоқсандық демалыстан соң қол ұстасып Сәкенмен мектепке барғанда, талай жан «Қап» деп бармағын тістегенін жасырмапты.
Бұл – Пиошканың үлкен өмірге қадам басқандағы алғашқы жеңісі болатын.
Өмірге үлкен қыздары Мәдина келді. Артынан Дилбар. Осылай көбейе бастаған тұста олар қалаға келіп, ата-анасымен бірге тұрды. Жолдасының әке-шешесі, артынан ерген төрт қарындасының көңілінен шығу Пиошка үшін оңай болған жоқ.
Алдыменен өзіңді енең сынар,
Емендей боп ол сынға емен шыдар.
Жас келінге қаттырақ қарағаны,
Ширатып бір алайын деген шығар,- дегендей енесінің қатты қарағанын ширатқаны деп түсінген Пиошка ортақ тіл табысуға ұмтылды.
«Үй болған соң, қазан табақ сылдырамай тұрмайды» дегендей, табақтар қатты сылдырап ауылға барғаны бар.
Ол кезде әкеміз тірі болатын. Әлгі үйге келген қонақтың бәріне «Осындай жағдай болды, мына Пиошка үйде» деп сұрамаса да айта берген. «Жерге кіріп кете жаздаймын. Соңында олардың қасына бармайтын болдым» деп еске алады. Сонда да әкеміз келген адамның бәріне айтуын қоймаған. Арасында кешіріммен күйеу бала келсе де, ол да айтқанынан қайтпай табандап отырған. Тағы бірде әке сөзі әбден жанына тиген Пиошка ойланып: «Қой, күнде мына сөзді есітіп жер болғанымша, енемнің қабағынан ширағаным артық» деген шешімге келіп, Сәкен келгенде алдынан қуана жүгіріп шыққан бойда: «Жүр кеттік үйге. Мына жерде бір минутта қалғым келмейді» деп үйдегілермен шала-шарпы қоштасып, қыздарын жетектеп шығып кетіпті. Жігіті де мәз, әкесін құшақтап қыздары мәз.
Бұл да бір жүрегіне ауыр сөз айтпай Пиошка қызының қателігін мойындатқан әке тәрбиесі болар кім білсін?!
Бұл – Пиошканың отбасын сақтап қалған екінші жеңісі болатын.
Зира Ерданқұлқызының ұзақ жылғы мұғалімдік қызметін жеңіл жұмыс дей алмаймын. Мұны дәлелдеу үшін баяғы Абайдың «Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» деген данышпандық сөзіне жүгінеміз. Расында да, Зира апай өз ісіне жан-тәнімен берілген, жалықпайтын ұстаз. Мен қырық бес минут сабақ беруге шыдамы жетпей, мұғалімдік қызметін тастап кеткен талай азаматтарды білемін. Ал жоғарғы сыныптарға дәріс беріп, «ертеңгі ҰБТ не болады?» деп түннің бір уағына дейін шаршамай балаларды бір бөлмеге қамап, физиканың заңдарын санасына құйып жатқанының талай куәсі болдым. Сонда ол – ене мен ата бағып отырған келін, шиеттей төрт баласы бар ана. Қара шаңырақ болған соң келім-кетім қонағы да көп. Физика пәнінен сабақ бергеннен соң, қарап тексеретін пәленбай оқушының дәптері келеді үйге. Ертеңгі сабаққа дайындалу керек. Жуатын кір-қоңы бар. Ол кезде әйел от жағып, күл шығарады, суды тасып ішеді, қорадағы малды жайлайды. Сиыр сауып, май шайқайды. Қазіргідей үй қызметшісін ұстау деген жоқ. Соның бәрін бір үйдегі бір әйелдің, күні бойы мектепте болатын ұстаздың қалай жайғап үлгергеніне қазір таңғаласың. Бұған қоса, мектепішілік сынып жетекшісі, мектеп өміріне араласатын қоғамдық жұмыстар тағы бар.
Ұстаздың еңбегі ұмытылмайды деп жатамыз. Философиялық тұрғыдан алғанда, расында да 30 жылдық ұстаздық еңбек ол ұшырған әр шәкірттің жүрегінде сақталып қалатыны даусыз. Ұстазын қадірлейтін жақсы шәкірттері «Қалдырған ізің мәңгілік…» деп әнге қосады. Бұл — қай ұстаздың да жүрегін жылытатын ілтипат.
Қандай жағдайда да мұғалімдік, ұстаздық абыройын бойында сақтап, қанша оқушыны грант иегері етіп дайындап, ата-аналарының батасын алып, әріптестерінің арасында үлкен құрметке бөленуі бұл – Пиошканың үшінші жеңісі болатын.
Өмір жылыстап өтіп жатты. Тірегіміз, қамқоршымыз әкеміз анамызды біздерге аманаттап дүниеден оза берді. Әкеміздің қайғысы отбасымызға оңайға түспеді. Оң-солымызды танып қалсақ та, әке мейірімін ұзақ сағындық…
Пиошкам да қайын сіңлілерін ұзатып, бала-шағасы өсіп, қолы ұзара бастады. Қыздарын жоғары оқу орнына түсірді. Екі қызынан кейін өмірге келген ұлы Қамбары қолқанаты болды.
Бірде жан серігі түнгі ауысымға жұмысқа, екі қызы әпкелерінікіне қыдырып кетеді. Түстен кейін сабақтан келіп қалар деп күткен Қамбарды өзі күндіз «малына қарас» деп қайынсіңлісінің үйіне жібергені есінде жоқ.
Ымырт түскенде үлкен үйде өзі қалғанын сезіп, жүрегі қылп етеді. Әрі-беріден соң өз-өзінен үрейленіп, қорқа бастайды. Амалы таусылып, көршінің қызын алып келіп, ұйқыға жатады. Сол күннен бастап: «Балам Қамбарым жалғыз. Мына екі қыз оқуларын бітірсе өз отбастарын табары рас. Қамбар да басқа қалаға оқуға кетсе мына үйде осылай жалғыз қалмақпын ба?,- деген ой мазалай берді. Жасым болса да келіп қалды, қалай болар екен?!…
Алған ойын іске асырып үйренген Пиошкаға Алла да көмектесті. Жасы 45-ке келгенде маңдайы торсықтай ұлды өмірге әкелді.
Өмірінің жалғасы, Қамбарының серігі Нұрқасиеттей ұлды дүниеге әкелуі – Пиошканың төртінші жеңісі еді.
Қыздарына саналы тәрбие, сапалы білім беріп, ұясынан ұшырып, олардан немере сүюі – бұл да кез-келген жанға бұйыра бермейтін Пиошкамның кезекті үлкен жеңісі деп есептеймін.
Пиошка – Зира Ерданқұлқызы Мамытова қаладағы № 60 мектептің физика пәнінің мұғалімі. Қазіргі заман талабымен 52 жасында өмірі жазып-сызып көрмеген ағылшын тілін меңгеру үстінде. Екі айда көп нәрседен хабардар болып, ағылшынша нанын тауып жейтін жағдайда. Бұл да – Пиошканың өмір жолындағы бір жеңісі.
…Жақында Пиошканың бөлмесінен әдемі фотомонтажды аңғардым. Пиошканың ес білген балалық шағынан бүгінгі күнге дейінгі өмір жолын баяндап тұрған шежіре шертер суреттер екен онысы. Баласы сыйға тартыпты.Мүмкін бұл анасының өткен саналы ғұмырын еске алып, өткен іздерінің жоғалмайтынын еске салғаны болар. Өткен уақыт аз да емес, көп те емес. Оның әр сағаты, әр күнінде өткен өмір белестері жатыр…
Бірақ Пиошканың бойында бала кезден қалыптасқан намыс, қолға алған істі ақырына дейін тиянақты жеткізу, адамдармен ортақ тіл табыса білу қасиеті отасқан отыз жылда оларды ұятқа қалдырған жоқ.
Пиошка негізінде мына өмірде қандай жетістікке қолы жетсе де, оны әке-шеше тәлімімен, айналасындағы ниеттес жандардан алған тағылымдарымен байланыстырып отыратыны бар.
Пиошка, әлі де бізді қуантар жеңістеріңнің көп боларына күмәнім жоқ.
Айгүл әпкең.
Жаны жайсаң, адал дос, аяулы жар, асыл ана, мейірімді әже, ұлағатты ұстаз — Зира Ерданқұлқызымен үзеңгілес болып бірге қызмет атқарған күндерімнің — шынында тамаша мезгіл екенін сезініп отырмын, мектеп ауыстырғанымда досымның мені қимастықпан шығарып салған сәті есіме оралып отырғаны. Зира апаймен бірге мен де балалық шағыма саяхаттап шыққандаймын. Сіздер бауырлары бар Пиошка бақытты, Айгул ханым. Алар асуыңыз көп болсын, Зира Ерданқұлқызы! Перзенттеріңіздің алдында, әріптестеріңіздің ортасында, «Батагөй аналардың» алдындағы абыройыңыз үстем бола берсін! Айгүл ханым, Зира және Шырын апайлардың бірге атқарған тағы бір жеңісі бар, соны ұмыттыңыз, ал біздің есімізде! Шымкенттің іргесінде тұрып, көгілдір отыннан құр алақан болып тұрған сәтімізде, белсене кірісіп, Жиделідегі әрбір отбасына дерлік жылу әкелген екі сұлудың бірі сіздің Пиошкаңыз! Алла разы болсын!
Тамаша. Керемет. Зира апайдацйсіңліңізбен қанша, қалай мақтансаңыз да арзыйды. Аузын ашса жүрегі көрінетін жандардың бірі.👍👍👍
Өте жақсы жазылыпты. Елге өнеге етердей бір адамның өмір жолы, өмір болған соң қиындықсыз, көлеңкесіз болмайтыны мәлім. Бәрі бүкпесіз ашық жазылған. Рахмет!
Керемет жазылған. Адамның бойындағы бар қасиетті бауырдан артық ешкім білмейді. Оқып отырып Пиошканың бүкіл өмірі көз алдымда лента болып өтті. Саған арнап өшпес тей естелік жазған бауырың бар. Сен бақыттысың — Зира. АЛЛА разы болсын. Шабыты сарқылмасын, оқырмандарын ойлантатын әңгімелер жазыла берсін. Ізгі тілекпен Оразгул
Жарайсыз Айгүл әпке,Зира апайдың жеңістері адал маңдай термен келгені анық, сөзіңізге толықтай қосыламын. Апайға қажымас қайрат, шәкірттеріне таудай талап берсін деп тілеймін
Зира курбымыз жонинде макала керемет жазылыпты. Зиранын балалык шагы аке- шешесинин, бауырларынын мейиримине, махаббатына боленип оскенин окып куанып отырмын. Зира жауапкершилиги мол, шыншыл, акконил адам. Озинин азилдеримен адамдардын конилин котерип журеди. Зирага тек жаксылык тилеймин. Айгул ханым сизге рахмет, енбегиниз жана берсин.
Пікір қалдырғаныңызға рахмет!
Айгүл әпке маған өте ұнады. Қарапайым тілде, оқығанға жеңіл.Тамаша жазыған
Құтты болсын туылған күнің