Академик Әбдімұса Қуатбеков атындағы Халықтар достығы университетінде «Қуатбеков оқулары – 2026: Жасанды интеллект – ғылым мен білімнің сын-қатерлері мен мүмкіндіктері» тақырыбындағы халықаралық ғылыми-практикалық конференцияның пленарлық отырысы өтті.
Дәстүрлі халықаралық ғылыми басқосу Қазақстан, Ұлыбритания, Түркия, Польша, Иордания, Өзбекстан және басқа елдердің ғалымдарын, профессор-оқытушыларын, жас зерттеушілерін ортақ ғылыми-интеллектуалдық алаңға біріктірді.
«Қуатбеков оқулары» – саналы ғұмырын ғылым мен білімге арнаған академик Әбдімұса Мұратұлы Қуатбековтің ғылыми-педагогикалық мұрасын ұлықтап, оның жасампаз идеяларын бүгінгі заман талабымен сабақтастыратын тағылымды дәстүр.
Конференцияны ашқан университет ректоры, медицина ғылымдарының докторы, профессор Рабиға Әбдімұсақызы Қуатбекова Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2026 жылды Цифрландыру және жасанды интеллект жылы деп жариялауы еліміздің ғылыми-білім беру кеңістігіне жаңа міндеттер жүктегенін атап өтті.
Ректордың сөзінде осы мемлекеттік стратегиялық басымдықтың биылғы «Қуатбеков оқулары» халықаралық конференциясының тақырыбын айқындауға негіз болғаны ерекше мәнге ие болды.
Шындығында, жасанды интеллект – жай ғана технологиялық жаңалық емес, ғылымның даму логикасын, білім беру әдіснамасын және адам капиталына қойылатын талаптарды түбегейлі өзгертетін жаһандық құбылыс.
Сондықтан бүгінгі университеттердің міндеті жаңа технологияларды пайдаланатын мамандар даярлаумен ғана шектелмей, жасанды интеллект мүмкіндіктерін ғылыми тұрғыдан игеретін, жаңа білім мен инновациялық шешімдер қалыптастыра алатын зерттеушілер буынын тәрбиелеу екені айқын.
Халықаралық конференцияның пленарлық отырысы мазмұндық тұрғыдан да ерекшеленді.




