Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2026 жылғы 28 қазандағы Қазақстан халқына Жолдауында оқу-ағарту саласындағы реформаларға тоқталып, мұғалімдердің жұмысын жеңілдету және артық жүктемесін азайту қажеттігін атап өтті. Президенттің айтуынша, білім беру жүйесіндегі әрбір өзгеріс ұстаздың кәсіби қызметіне қолайлы жағдай жасауға бағытталуы тиіс. Цифрлық технологиялар мен түрлі платформалар мұғалімнің жұмысын оңтайландырып, оның уақытын үнемдеуге қызмет етуі керек.
Жолдауда ұстаздың негізгі міндеті – балаға сапалы білім беру және саналы ұрпақ тәрбиелеу екені ерекше айтылды. Осыған байланысты мұғалімнің негізгі қызметіне кедергі келтіретін артық есептілік пен басы артық жұмыстарды қысқарту маңызды. Цифрландыру үдерісі білім беру саласының тиімділігін арттырып, педагогтердің кәсіби әлеуетін толық жүзеге асыруына мүмкіндік беруі қажет.
Мемлекет басшысы мұғалімдердің абырой-беделін қорғау мәселесіне де айрықша назар аударды. Ұстазға құрмет көрсету, оның құқықтары мен кәсіби қадір-қасиетін сақтау – білім беру ұйымдарындағы маңызды қағидалардың бірі. Президент мектептегі кез келген жағдайға отбасы, оқушы, мұғалім және мектеп әкімшілігі бірдей жауапкершілікпен қарауы керектігін атап өтті.
Президент Жолдауында көтерілген бұл міндеттер білім беру жүйесін жетілдіруге, ұстаз мәртебесін нығайтуға және сапалы білім беруге бағытталған. Оқу-ағарту саласындағы реформалардың басты нәтижесі мұғалімнің еңбегін бағалау, оның жұмысын жеңілдету және өскелең ұрпақтың сапалы білім алуына жағдай жасау болуы тиіс.






