Мемлекет басшысының «Кітап оқитын ұлт» жобасы аясында Әл-Фараби атындағы Шымкент қалалық ғылыми-әмбебап кітапханасында айтыскер ақын, ҚР Мәдениет саласының үздігі, халықаралық және республикалық айтыстардың жеңімпазы Нұрлан Есенқұловтың «ШАБЫТ ШАЛҚЫҒАНДА» атты айтыстар жинағының салтанатты тұсаукесер кеші өтті. Бұл шара қаламыздың мәдени-рухани өміріндегі елеулі оқиғалардың біріне айналып, ұлттық өнерді ұлықтаудың жарқын үлгісін көрсетті.
Рухани кешті Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Сәрсен Абайұлы Құранбек ашып, ақынның төл өнерімізді дәріптеу жолындағы көпжылдық еңбегі мен шығармашылық үлесін ерекше атап өтті. Қала әкімінің орынбасары авторға алдағы уақытта да шабыты сарқылмай, жаңа биіктерден көрine беруіне тілектестік білдірді. Сонымен қатар, қала әкімінің арнайы сый-сияпатын табыстап, өнер иесіне қала жұртшылығының атынан зор құрмет көрсетті.
Кеш барысында ақынның өнердегі ұстаздары мен зиялы қауым өкілдері ақ тілектерін арнап, шәкіртінің шығармашылық жетістіктеріне, сөз саптау шеберлігіне тоқталды. Салтанатты түрде жаңа кітаптың тұсауы кесіліп, жиналған қауымға таныстырылды. Ақынның ширек ғасырлық өнер жолындағы айтулы сөз сайыстары мен суырыпсалмалық өнері топтастырылған бұл жинақ – ұлттық сөз өнерінің рухани қазынасына қосылған құнды еңбек болып табылады.
Айтыс өнеріндегі ізбасар інілері де ағаға құрмет көрсетіп, арнау жырларын оқып, әуезді әндерінен шашу шашты. Ағаға ізет, ұстазға құрмет көрсетілген бұл тағылымды кеш өнердегі ұрпақтар сабақтастығының ажырамас көрінісін айшықтады. Жинақтың жарық көруі жас ақындар мен өнерсүйер қауым үшін таптырмас рухани азық болмақ.
Кездесуге жиналған қаламгерлер мен өнер зерттеушілері Нұрлан Есенқұловтың сөз саптау ерекшелігіне тоқталып, жинақтың жас ұрпақты отаншылдыққа, шешендікке әрі терең ойлауға тәрбиелеудегі рөлін жоғары бағалады. Олар мұндай әдеби туындылардың кітапхана қорын байытып қана қоймай, ұлттық код пен рухани құндылықтарымызды сақтауға қосар үлесі орасан зор екенін ерекше атап өтті.
Сондай-ақ, шараға қатысқан оқырмандар мен студент жастар ақынның шығармашылығы төңірегінде өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, туындының жазылу тарихымен танысты. Шара аясында арнайы кітап көрмесі ұйымдастырылып, қатысушылар ұлттық өнердің тарихы мен даму кезеңдерінен сыр шертетін сирек басылымдарды тамашалауға мүмкіндік алды.
Кеш соңында автор жиналған қауымға өз алғысын білдіріп, жаңа жинағына қолтаңбасын қалдырды. Аталған іс-шара өңірдегі кітапқұмарлықты арттыруға және дәстүрлі өнерді өскелең ұрпақ арасында кеңінен насихаттауға зор серпін берді.




