Шымкент қаласы білім басқармасына қарасты №146 жалпы орта білім беретін «Келешек» мектебінде 8–11-сынып оқушыларының қатысуымен «Жастар санасын деструктивті идеологиядан қорғаудың тетіктері» тақырыбында мазмұнды әрі танымдық кездесу өтті. Жоғары сынып оқушыларының рухани қауіпсіздігін нығайтуға, сыни ойлау қабілетін дамытуға және дәстүрлі құндылықтарды дәріптеуге бағытталған бұл шара мектептегі тәрбиелік жұмыстардың өзекті бағыттарының бірі болды.
Кездесуге Шымкент қаласы Дін істері басқармасының Дін мәселелерін зерттеу орталығының теолог маманы Джамалов Айбек Әуезұлы арнайы қатысты. Білікті маман оқушыларға деструктивті діни ағымдардың ықпалы, олардың қоғам тұрақтылығы мен жас ұрпақтың дүниетанымына тигізетін зияны және рухани қауіпсіздікті сақтаудың маңыздылығы жөнінде жан-жақты әрі нақты мысалдармен түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Әсіресе, жасөспірімдердің ақпараттық кеңістіктегі сақтығы мен рухани тұрақтылығына ерекше назар аударылды.
Іс-шара барысында жастардың діни сауаттылығын арттыру, кез келген ақпаратты талдап, саралай білу, күмәнді идеологиялық ықпалдарды ажырату және берік сыни ойлау дағдысын қалыптастыру мәселелері кеңінен қозғалды. Теолог маман оқушыларға ғаламтор мен әлеуметтік желілердегі жат пиғылды шақырулардан қалай сақтану керектігін, шынайы білім мен сенімді ақпарат көздерін қалай таңдау қажеттігін түсіндірді. Жоғары сынып оқушылары өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, пікір алмасуға белсенді қатысты.
Мектеп қабырғасында мұндай профилактикалық әрі танымдық кездесулерді жүйелі өткізудің маңызы зор. Жастар санасын жат ағымдар мен деструктивті идеологиядан қорғау – қоғамдық келісім мен ұлттық қауіпсіздіктің берік тірегі. Оқушылардың бойында ұлттық салт-дәстүр мен рухани құндылықтарға деген құрметті орнықтыру олардың дұрыс өмірлік бағдар таңдауына, саналы шешім қабылдауына және кез келген теріс ықпалға төтеп беруіне көмектеседі.
Шараның басты мақсаты – білімді, саналы, рухани сауатты, ұлттық құндылықтарды құрметтейтін және деструктивті идеологияның ықпалына қарсы тұра алатын кемел ұрпақ тәрбиелеу. Шымкент қаласының білім беру ұйымдарында жасөспірімдердің рухани-адамгершілік тәрбиесін күшейтуге арналған осындай мазмұнды кездесулер алдағы уақытта да жалғаса береді.




