Бүгін Шымкент қаласындағы «Авимед» көпсалалы колледжінде студент жастармен мазмұнды ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Білім алушылардың қоғамдық санасын нығайтуға, заманауи сын-қатерлерге төтеп беруге және құқықтық-рухани бағдарларын айқындауға арналған бұл кездесу оқу орнындағы тәрбие және профилактикалық жұмыстың маңызды кезеңі болды.
Кездесу барысында Қазақстан Республикасының Президенті Қ.К. Тоқаевтың «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына Жолдауында айқындалған негізгі басымдықтар кеңінен баяндалды. Атап айтқанда, цифрлық экономиканы жедел дамыту, жасанды интеллект технологияларын өмір мен өндіріске енгізу, сондай-ақ жастардың жаңа білім мен дағдыларды меңгеруінің ел дамуындағы шешуші рөлі нақты мысалдармен түсіндірілді.
Сонымен қатар студенттерге мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттары таныстырылып, күмәнді және дәстүрлі емес діни ағымдардың идеологиялық ықпалынан сақтану жолдары айтылды. Мамандар жастар арасында құқықтық мәдениетті, сыни ойлауды және отаншылдық пен азаматтық жауапкершілікті қалыптастырудың қазіргі қоғамдағы ерекше маңызына тоқталды.
Ақпараттық кеңістіктегі қауіпсіздік мәселесі де назардан тыс қалған жоқ. Кездесуде әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде ақпарат тарату кезінде жоғары жауапкершілік таныту, тексерілмеген және жалған мәліметтерге сенбеу, арандатушылық сипаттағы контентті таратпау, сондай-ақ қоғамдағы ұлтаралық және дінаралық келісімді сақтау жөнінде жан-жақты түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Бұдан бөлек, Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес әлеуметтік, ұлттық, рулық, нәсілдік, тектік-топтық және діни алауыздықты қоздыруға бағытталған әрекеттер үшін қатаң заңдық, оның ішінде қылмыстық жауапкершілік көзделгені нақты түсіндірілді. Заң мен тәртіп қағидатын сақтау әр азаматтың күнделікті міндеті екені атап өтілді.
Кездесудің ашық диалог форматында өтуі білім алушылардың өз пікірін еркін білдіруіне, қоғамдық келісім мен адал азамат құндылықтарының мәнін тереңірек ұғынуына зор мүмкіндік берді. Студенттер күнделікті өмірде өзара құрмет пен ынтымақтастықты сақтаудың ел ішіндегі бейбітшілік пен тұрақтылықтың басты кепілі екенін айқын сезінді.
Мазмұнды кездесуге қалалық ішкі саясат басқармасы «Қоғамдық келісім» мекемесінің қызметкері Н. Абдукаримов және қалалық дін істері басқармасы «Дін мәселелерін зерттеу орталығының» теолог маманы Н. Әбдіманап қатысып, студенттердің сұрақтарына нақты жауап берді.



