Шымкент қаласында өскелең ұрпақтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, жастар арасында құқықтық сауаттылық пен жол қозғалысы мәдениетін қалыптастыру бағытында маңызды әрі жүйелі жұмыстар атқарылып келеді. Осы орайда №68 жалпы орта білім беретін мектебінің жанынан құрылған «Сұңқар» жас жол инспекторлары тобы қоғамдық қауіпсіздікті насихаттау жолында ерекше белсенділік танытып, мектеп пен қала абыройын асқақтатып жүргенін мақтанышпен атап өтуге болады.
Ағымдағы жылдың 23 қарашасы күні Шымкент қаласы Полиция департаментінің ұйымдастыруымен өткен салтанатты марапаттау рәсімінде №68 жалпы орта білім беретін мектебінің «Сұңқар» жас жол инспекторлары тобының мүшелері нәтижелі еңбектері үшін арнайы марапаттарға ие болды. Бұл марапат – мектеп оқушыларының жол қауіпсіздігін кеңінен насихаттау, жол-көлік оқиғаларының алдын алу, сондай-ақ қатарластарының бойында жоғары азаматтық жауапкершілік пен тәртіп мәдениетін қалыптастыру бағытындағы табанды еңбектеріне берілген лайықты әрі жоғары баға болып табылады.
Бүгінгі таңда қоғамда тәртіп пен қауіпсіздік мәдениетін сіңіру, азаматтардың өмірі мен денсаулығын қорғау – рухани-патриоттық тәрбиенің негізгі діңгегі. «Сұңқар» тобының мүшелері жолда жүру ережелерін сақтаудың маңыздылығын құрдастарына тұрақты түрде түсіндіріп қана қоймай, өздері де тәртіптілік пен сақтықтың айқын үлгісін көрсетіп келеді. Олардың әрбір игі бастамасы мен ақпараттық-түсіндіру жұмысы – адам өмірінің жоғары құндылығын дәріптеуге, қоғамда өзара құрмет пен жауапкершілік принципін орнықтыруға бағытталған елеулі қадам.
Жас инспекторлардың қоғамдық істегі еңбегі еленіп, қалалық полиция департаменті тарапынан жоғары деңгейде бағалануы – бүкіл мектеп ұжымы, ұстаздар мен ата-аналар үшін зор қуаныш әрі мақтаныш. Мұндай іс-шаралар оқушылардың тұлғалық қалыптасуына, өзіне деген сенімділігін арттыруға, құқық бұзушылықтың алдын алуға және отансүйгіштік рухын көтеруге айрықша серпін береді.
«Сұңқар» тобының барлық мүшелерін осы жарқын жетістіктерімен шын жүректен құттықтаймыз! Алдағы уақытта да биік белестерді бағындырып, білім ошағының абыройын асқақтата берулеріне тілектеспіз. Жауапты да игі жұмыста қадамдарыңыз нық, жолдарыңыз әрдайым ашық болсын, жас қырандар! Қауіпсіздік – ортақ жауапкершілік, ал бала өмірі – баға жетпес ең басты құндылық.




