ШЫМКЕНТТЕГІ ДОСТЫҚ ҮЙІНДЕ МӘДЕНИ-ДОСТЫҚ КЕЗДЕСУ ӨТТІ
Шымкент қаласындағы Достық үйінде Қазақстан Республикасындағы Россотрудничество өкілдігінің басшысы Ирек Зиннуровтың қатысуымен мазмұнды кездесу өтті. Шараның басты мақсаты – қоғамдық келісім мен этносаралық татулықты сақтау, халықтар арасындағы мәдени-гуманитарлық байланыстарды дамыту, өзара ынтымақтастықты нығайту және өскелең ұрпақ бойында отансүйгіштік қасиеттерді қалыптастыру болып табылады.
Мәртебелі мейман Достық үйінің ғимаратын аралап, мұнда орналасқан тарихи-мәдени музей мен кітапхана қорының жұмысымен егжей-тегжейлі танысты. Сапар барысында Россотрудничество өкіліне Шымкент мегаполисінде өмір сүріп жатқан түрлі этнос өкілдерінің мәдениетін, ана тілі мен ұлттық дәстүрін сақтау бағытында атқарылып жатқан жүйелі жұмыстар жайлы кеңінен ақпарат берілді. Сонымен қатар қаладағы қоғамдық татулық пен ішкі тұрақтылықты сақтауда Достық үйінің ел ішіндегі алтын көпір болып отырғаны ерекше атап өтілді.
Іс-шара аясында мейманның құрметіне және қала тұрғындары үшін Шымкент қаласы этномәдени бірлестіктері өкілдерінің қатысуымен арнайы концерттік бағдарлама ұсынылды. Мәдени кеш Қазақстан мен Ресей арасындағы достық қарым-қатынасты, көршілес халықтар арасындағы рухани сабақтастықты және өзара сенім мен бірлікті дәріптеуге бағытталды. Сахнада Шымкент қалалық Өнер мектебінің жас дарындары, сондай-ақ татар-башқұрт, славян және шешен-ингуш этномәдени бірлестіктерінің шығармашылық ұжымдары өнер көрсетіп, көрермендердің зор қошеметіне бөленді.
Бағдарлама барысында қазақ, татар және славян халықтарының әуезді әндері шырқалып, мың бұралған ұлттық билер шебер орындалды. Әсіресе туған өлкеге, Қазақстанға деген ыстық сүйіспеншілік пен ел ішіндегі ауызбіршілік пен ынтымақты арқау еткен музыкалық шығармалар кештің мазмұнын байыта түсті. Бұл мәдени іс-шара Шымкенттегі этносаралық татулық пен өзара құрметтің берік екенін, ал өнер мен мәдениеттің халықтарды жақындастыратын бірегей құрал екенін тағы бір мәрте дәлелдеді.
Кездесу соңында қатысушылар мұндай мазмұнды мәдени-ағартушылық шаралардың алдағы уақытта да жүйелі жалғасын табатынына сенім білдірді. Этномәдени бірлестіктер өкілдері қоғамдағы бейбітшілік пен келісімді сақтау, жастарды патриоттық рухта тәрбиелеу бағытындағы бастамаларды одан әрі ілгерілетуге дайын екендіктерін жеткізді.



