Әл-Фараби атындағы Шымкент қалалық ғылыми-әмбебап кітапханасының «Ақерке» балалар залының ұйымдастыруымен «Ұлдарға ұлағат» атты тағылымды кездесу кеші өтті. Мұндай мазмұнды шаралар – мегаполисте рухани құндылықтарды ұлықтау, өскелең ұрпақтың бойында патриоттық сезім мен отансүйгіштік қасиеттерді қалыптастыру, қоғамдағы бірлік пен жауапкершілік мәдениетін дамыту бағытында атқарылып жатқан ауқымды жұмыстардың айқын көрінісі.
Кездесуге Шымкент қаласындағы Политехникалық колледждің бағдарламалау бөлімінің меңгерушісі Кенжебек Жаңабайұлы арнайы қонақ ретінде қатысты. Аға буын өкілі өзінің өмірлік әрі кәсіби тәжірибесімен бөлісе отырып, ұл балаларға ұлағат болатындай салмақты да тағылымды әңгіме айтты. Ол жас ұрпақтың бойында батылдық, ар-ождан, елге деген сүйіспеншілік пен жауапкершілік сияқты асыл қасиеттерді сіңірудің маңызын баса айтты. Бүгінгі таңда сапалы білім алумен қатар, ұлттық діл мен заңға бағынушылықты, мемлекеттік саясат пен қоғамдық келісімді құрметтеуді дамыту – азаматтық ұстанымның басты тірегі екені де кеңінен сөз болды.
Сонымен қатар әңгіме барысында мемлекеттік рәміздерге құрметпен қарау, қоғамдық тәртіп пен өзара сыйластықты сақтау мәселелеріне ерекше тоқталды. Әрбір азаматтың өз ісіне адалдығы мен ел алдындағы парызын сезінуі қоғамдағы тұрақтылық пен ынтымақты нығайта түсетіні атап өтілді.
Интерактивті форматта өрбіген шара барысында оқырмандар арасында викториналық ойындар ұйымдастырылып, жастардың ойлау қабілеті мен зеректігі сынға түсті. Ал №138 мектеп оқушылары арнайы дайындаған әдеби композицияны орындап, жиналған қауымға ерекше көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Мұндай өнер көрсетілімдері жасөспірімдердің бойындағы шығармашылық әлеуетті ашып қана қоймай, олардың рухани мәдениетін арттыруға зор ықпал етеді.
Тағылымды кешті кітапхана директорының орынбасары Г. Алпысбаева қорытындылады. Ол өз сөзінде жастарға тәрбие берудегі осындай кездесулердің рөлін жоғары бағалап, белсене қатысқан қатысушыларға кітапхана директорының Алғыс хатын салтанатты түрде табыстады. Ел болашағы саналатын жас ұрпақты отаншылдыққа, парасаттылыққа және еңбекқорлыққа баулуға бағытталған бұл бастама қатысушылар тарапынан жоғары бағаланды.
Кітапхана қабырғасындағы бұл басқосу оқырмандардың кітапқа деген құштарлығын арттырып, ұрпақтар сабақтастығының жарқын үлгісін көрсетті. Алдағы уақытта да осындай мазмұнды кездесулер жалғасын тауып, жас буынның рухани әлемін байыта түсетініне сенім мол.




