Әл-Фараби атындағы Шымкент қалалық ғылыми-әмбебап кітапханасында руханият пен білімді ұштастырған маңызды шара – «ЗЕРДЕЛІ ҰЛТ – ЗЕРЕК ОҚЫРМАН» атты зияткерлік алаң өтті. Бұл кездесу Шымкент қаласында рухани құндылықтарды дәріптеу, жастар арасында отансүйгіштік пен патриоттық тәрбиені күшейту, қоғамдағы бірлік пен тұрақтылықты, келісім мен жауапкершілік мәдениетін нығайту бағытында атқарылып жатқан жүйелі жұмыстардың маңызды бөлігі ретінде ерекшеленді.
Шара қарсаңында кітапхана ғимаратының алды мен фойесінде оқырмандар назарына кең көлемді кітап көрмелері мен ерекше инсталляциялар ұсынылып, ерекше атмосфера орнады. Мазмұнды экспозициялар кітап оқуды насихаттауға, тарихи жады мен ұлттық құндылықтарға құрметті арттыруға, өскелең ұрпақтың рухани ой-өрісін кеңейтуге бағытталды.
Басқосуға Шымкент қаласы мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасына қарасты көпшілік кітапханалар, ЖОО, колледж және мектеп кітапханаларының басшылары мен қызметкерлері, зиялы қауым өкілдері, баспагерлер және белсенді оқырмандар қатысты. Түрлі сала өкілдерінің бір алаңда тоғысуы қоғамдағы ынтымақ пен өзара сенімді арттырып, білім мен мәдениеттің сабақтастығын айқын көрсетті.
Жиын барысында ҚР Ұлттық академиялық кітапханасының директоры, «Құрмет» орденінің иегері Күміс Қарсақбайқызы Сейітова, ҚР Ұлттық кітапханасының Ғылыми-әдістемелік қызмет бөлімінің қызметкері Айбала Қанатбайқызы Бекмұхабет, Шымкент қаласы мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасы басшысының орынбасары Мөлдір Убайдуллақызы Оңдасынова және «Кітап оқитын ұлт» жобасының өңірлік амбассадорлары – Қазақстанның құрметті журналисі Бахтияр Байдуллаұлы Тайжан, Қазақстан Жазушылар одағы Шымкент филиалының төрағасы Момбек Әбдәкім, ақын Айболат Тілеубайұлы Маймақов, дәстүрлі әнші, термеші Тәттімбет Керей және жобалық кеңсе жетекшісі Айгерім Төребайқызы Алдабергенова сөз сөйлеп, өз ойларымен бөлісті. Спикерлер жас буынның патриоттық санасын қалыптастыру, әділдік пен заңға құрмет, мемлекеттік рәміздерді қадірлеу және рухани тұтастықты сақтаудың маңызын атап өтті.
Шара соңында «Кітап оқитын ұлт» оқу марафонына қатысушы ұстаздар мен кітапханашылар өз пікірлерін білдіріп, қорытынды жасады. Кездесуді Әл-Фараби атындағы қалалық ғылыми-әмбебап кітапхана директоры, ф.ғ.к. Анар Абусайылқызы Жапарқұлова модераторлық етті. Кітап оқыған ұлттың болашағы жарқын, ал рухани бастамалар алдағы уақытта да жалғасын таба бермек.




