Шымкент қаласында этнос өкілдерінің балалары арасында мемлекеттік тілді дәріптеуге, қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейтуге және жас ұрпақтың патриоттық сезімін оятуға бағытталған республикалық «Мың жүйрік» ағартушылық жобасының қалалық іріктеу кезеңі жоғары деңгейде өтті.
Аталмыш жобаның басты мақсаты – өскелең ұрпақтың, әсіресе өзге этнос өкілдері жастарының қазақ тіліне деген қызығушылығын арттыру, мемлекеттік тілді жетік меңгерген дарынды балаларды анықтау, сондай-ақ олардың шығармашылық қабілеттерін шыңдап, өнер арқылы қазақ тілін кеңінен насихаттау болып табылады. Ел бірлігі мен этносаралық татулықты нығайтуда тіл білудің маңызы зор.
Бүгінгі таңда өңірімізде мемлекеттік тілді үйренуге деген ықылас пен қызығушылық жыл сайын артып келеді. Түрлі этнос өкілдерінің жастары қазақ тілінде еркін сөйлеп қана қоймай, ұлттық өнер мен мәдениетті терең меңгеріп жатқаны – еліміздегі қоғамдық келісім мен достықтың жарқын көрінісі. Мұндай мәдени-ағартушылық іс-шаралар жастардың өзара түсіністігін арттырып, ортақ құндылықтар төңірегінде топтасуына үлкен ықпал етеді.
Іріктеу кезеңінде қатысушылар ән айту, мәнерлеп өлең оқу, би билеу, сахналық қойылым қою және қазақ тіліндегі өзге де шығармашылық бағыттар бойынша бақ сынады. Биылғы байқауға 200-ге жуық өтінім түсіп, үміткерлердің өнері мен орындаушылық шеберлігі арнайы құрылған кәсіби қазылар алқасының бағалауына ұсынылды.
Қазылар алқасының құрамында Шымкент қалалық тілдерді оқыту-әдістемелік орталығының оқытушысы Айсұлу Оспанова, журналист, «Мұзбалақ» ақпараттық порталының бас редакторы Қалбыр Базаркүл, Шымкент қаласының ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасы «Қоғамдық келісім» КММ-ның бөлім басшысы Азиза Исаева және ҚР Мәдениет саласының үздігі, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, Шымкент қаласы «Сайрам» мәдениет үйінің директоры Сайрамбек Дүйсембаев болды.
Қазылар алқасы қатысушылардың шығармашылық әлеуетін, сахна мәдениетін, орындаушылық шеберлігін және қазақ тілін меңгеру деңгейін саралай отырып, үздіктерді анықтады. Айта кетейік, іріктеу кезеңінен сүрінбей өткен жеңімпаздар мен жүлдегерлерді марапаттау рәсімі алдағы уақытта ұйымдастырылады. «Мың жүйрік» жобасы – балалардың мемлекеттік тілге деген құрметін қалыптастырып қана қоймай, олардың бойындағы өнер мен талантты ұштастыруға мүмкіндік беретін маңызды бастама.




