Шымкент қаласындағы Достық үйінде Мемлекет басшысының Қазақстан халқына арнаған Жолдауында белгіленген негізгі басым бағыттарды кеңінен түсіндіру және ақпараттық-насихаттық жұмыстар жүргізу мақсатында этнос өкілдерімен, этномәдени бірлестіктердің белсенді мүшелерімен арнайы кездесу өтті. Маңызды жиынның негізгі мақсаты – елдегі қоғамдық келісімді нығайту, этносаралық татулықты сақтау және Президент ұсынған стратегиялық реформалар мен міндеттерді халық арасында түсіндіру болып табылады.
Алқалы жиынға Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Е.Ж. Тұяқбаев, Шымкент қаласы Қоғамдық кеңесінің төрағасы Б.Р. Парманов, Қазақстан Халық кеңесінің мүшесі Ә.Р. Иманқұлов және Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі Арнайы бағдарламалар комитетінің төрағасы Б.М. Сыздықов арнайы қатысып, сөз сөйледі. Мемлекеттік орган өкілдері өз сөзінде Жолдауда айқындалған стратегиялық міндеттерге тоқталып, басым бағыттарды жан-жақты баяндап берді.
Кездесу барысында Жолдауда көтерілген елдің әлеуметтік-экономикалық дамуы, халықтың әл-ауқатын арттыру, жаңа жұмыс орындарын құру, әлеуметтік қолдау шараларын жетілдіру, сондай-ақ қоғамдық бірлік пен этносаралық татулықты одан әрі нығайту мәселелері көтерілді. Қатысушылар ел болашағын өркендетудегі әрбір азаматтың жауапкершілігі мен үлесі туыралы ой сөз етті.
Сонымен қатар іс-шарада қалалық Славян этномәдени бірлестігінің төрағасы Наталья Сергеевна мен қалалық Өзбек этномәдени бірлестігі төрағасының орынбасары Шакирбек Умаров сөз сөйлеп, Мемлекет басшысының Жолдауында айқындалған міндеттер мен бастамалардың маңыздылығына кеңінен тоқталды. Өз сөздерінде олар елдегі тұрақтылық пен қоғамдық келісімді сақтау, этносаралық достық пен татулықты нығайту және ортақ мақсат жолында ынтымақтаса бірлесе жұмыс істеудің ерекше маңызын атап өтті. Этномәдени бірлестік өкілдері жүргізіліп жатқан түсіндірме жұмыстарының өзектілігін тілге тиек етті.
Ашық диалог форматында өткен бұл кездесуде этнос өкілдері мен қала тұрғындары өз пікірлері мен ұсыныстарын ашық білдіріп, көкейдегі сауалдарын қойды. Арнайы келген меймандар мен сала мамандары қойылған сұрақтарға тұжырымды әрі толық жауап беріп, ұсыныстарды назарға алды. Мұндай жүздесулер ел ішіндегі ауызбіршілікті одан әрі арттырып, ортақ мақсаттарға бірге жетуге зор серпін береді.




