Әуезов университетінде жастарға қажетті, қоғам үшін маңызды мәселелер қозғалған мазмұнды кездесу өтті.
Жиында жастар арасындағы жұмыссыздық, отбасылық және демографиялық саясат, дін мәселелері, сондай-ақ қазіргі қоғамның өзекті мәселелерінің бірі — лудомания мен отбасындағы зорлық-зомбылықтың алдын алу тақырыптары талқыланды.
Кездесудің басты мақсаты — жастардың құқықтық және әлеуметтік сауаттылығын арттырып, жұмыспен қамту, отбасылық құндылықтар, діни сауаттылық және түрлі қауіп-қатерлердің алдын алу бағытында пайдалы ақпарат беру.
Кездесуге:
* Есенғали Расулбеков — Әл-Фараби ауданы әкімінің орынбасары;
* Баян Жандосова — Шымкент қалалық әйелдер кеңесінің төрайымы;
* Бише Бекзат — Әл-Фараби ауданы бойынша жұмыс іздеушілерді қолдау секторының басшысы;
* Әсемай Анарбаева — Әл-Фараби аудандық полиция басқармасының Қоғамдық қауіпсіздік бөлімі, отбасылық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес бөлімшесінің инспекторы, полиция капитаны;
* Нұрхан Әбдіманап — Шымкент қаласы дін істері басқармасы «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің теолог маманы қатысты.
Мамандар өз салалары бойынша маңызды ақпарат ұсынып, лудоманияның зияны, отбасындағы зорлық-зомбылықтың алдын алу, діни сауаттылық және қиын жағдайда көмекке жүгінудің маңызы туралы түсіндірді. Студенттер өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, нақты жауаптар алды.
Кездесу барысында жастардың болашаққа сенімді қадам басуына кедергі келтіретін әлеуметтік мәселелердің алдын алу қажеттігіне назар аударылды. Соның ішінде жұмыссыздықты төмендету үшін кәсіби білім алу, еңбек нарығындағы сұранысты ескеру және қолжетімді жұмыспен қамту мүмкіндіктерін пайдалану маңызды екені айтылды. Жастардың мамандық таңдауына бағыт-бағдар беру және олардың еңбекке араласуына қолдау көрсету қоғамның тұрақты дамуына ықпал етеді.
Лудомания, яғни құмар ойындарға тәуелділік те жастардың әлеуметтік жағдайына кері әсер ететін мәселелердің бірі. Ол адамның қаржылық тұрақтылығына, отбасылық қарым-қатынасына және психологиялық жағдайына зиян келтіруі мүмкін. Сондықтан тәуекелдерді ерте танып, ойынға тәуелділік белгілері байқалған жағдайда мамандардан көмек сұраудың маңызы түсіндірілді.
Отбасындағы зорлық-зомбылықтың алдын алу мәселесі де ерекше назарда болды. Отбасылық қарым-қатынаста өзара құрмет, жауапкершілік пен қауіпсіздік қағидаларын сақтау қажет. Зорлық-зомбылыққа тап болған немесе осындай жағдайдың куәсі болған адамдардың үнсіз қалмай, тиісті органдарға жүгінуі маңызды. Құқықтық сауаттылықты арттыру азаматтардың өз құқықтарын қорғауына мүмкіндік береді.
Сонымен қатар діни сауаттылықты қалыптастыру, ақпаратты саралай білу және күмәнді мәліметтерге сын көзбен қарау қажеттігі айтылды. Жастардың саналы шешім қабылдауы мен қоғамдық өмірге белсенді араласуы осындай мәселелерді дұрыс түсінуден басталады.
Мұндай кездесулер жастар мен мамандар арасындағы ашық диалогты дамытуға, әлеуметтік мәселелер туралы түсінікті кеңейтуге және қауіп-қатерлердің алдын алуға бағытталған. Алынған ақпарат студенттердің өмірлік жағдайларда дұрыс шешім қабылдауына және өз болашағына жауапкершілікпен қарауына көмектеседі.





