Академик Ә. Қуатбеков атындағы Халықтар достығы университетінің жаңа оқу корпусының салтанатты ашылу рәсімі өтті.
«Ұлы мұрадан жарқын болашаққа» тақырыбымен ұйымдастырылған айтулы шара – университет тарихындағы маңызды белестердің бірі әрі еліміздің жоғары білім беру жүйесін дамытуға бағытталған игі бастамалардың жарқын көрінісі.
Салтанатты жиынға мемлекет және қоғам қайраткерлері, жоғары оқу орындарының басшылары, білім және ғылым саласының өкілдері, ардагер ұстаздар, зиялы қауым өкілдері, университеттің профессор-оқытушылар құрамы, білім алушы жастар мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Жалпы аумағы 3000 шаршы метрді құрайтын бес қабатты жаңа оқу корпусы заманауи талаптарға сай жабдықталып, білім алушылар мен профессор-оқытушылар құрамына қолайлы жағдай жасауға бағытталған.
Жаңа ғимаратта білім беру мен ғылыми ізденістерді ұштастыратын бірқатар инновациялық кеңістіктер қарастырылған. Атап айтқанда, заманауи Media Hub мультимедиялық студиясы, лингафон кабинеті, жасанды интеллект технологиясына негізделген «Софи» виртуалды көмекшісі, кітапхана, академик Ә. Қуатбеков атындағы ғылыми-зерттеу орталығы және білім алушылардың жан-жақты дамуына арналған арнайы оқу кеңістіктері орналасқан.
Сонымен қатар ғимаратта қабаттар арасында ыңғайлы қатынауды қамтамасыз ететін заманауи лифт орнатылған.
Әсіресе, жасанды интеллект мүмкіндіктерін білім беру үдерісіне енгізу, цифрлық технологияларды дамыту және студенттердің ғылыми-зерттеу жұмыстарына кеңінен жол ашу – жаңа кампустың басты ерекшеліктерінің бірі.
Салтанатты шара барысында университет ректоры, медицина ғылымдарының докторы, профессор Рабиға Әбдімұсақызы Қуатбекова құттықтау сөз сөйлеп, жаңа оқу корпусының ашылуы университеттің даму тарихындағы маңызды кезең екенін атап өтті.
Сондай-ақ салтанатты жиында Қазақстан Жазушылар одағының хатшысы, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Құлбек Ергөбек, М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің Басқарма төрағасы – ректоры Мұхтар Әділбекұлы Төлеген сөз сөйлеп, университет ұжымын айтулы жетістігімен құттықтады.
Салтанатты рәсімнен кейін мәртебелі меймандар жаңа кампусты аралап, университеттің заманауи білім беру инфрақұрылымымен танысты.
Қонақтарға академик Ә. Қуатбековтің ғылыми және рухани мұрасына арналған кеңістік, лингафон кабинеті, Media Hub интерактивті студиясы, кітапхана мен ғылыми-зерттеу орталығы таныстырылып, олардың білім беру үдерісіндегі мүмкіндіктері көрсетілді.
Жаңа оқу корпусындағы цифрлық шешімдер мен жасанды интеллект технологиялары, заманауи білім беру әдістері және ғылыми ізденістерге жасалған жағдайлар қатысушылардың ерекше қызығушылығын тудырды.
Университеттің жаңа оқу корпусының ашылуы – тек жаңа ғимараттың пайдалануға берілуі ғана емес, бұл – білімге салынған инвестиция, ғылымға жасалған қолдау және болашақ ұрпақтың сапалы білім алуына бағытталған маңызды бастама.
Академик Әбдімұса Қуатбеков негізін қалаған білім ордасы бүгінде қалыптасқан дәстүрін жаңашылдықпен сабақтастырып, ғылым мен білімнің, инновация мен ізденістің жаңа көкжиегіне қадам басуда.
Бұл – жаңа ғимараттың ашылуы ғана емес. Бұл – ғылым мен білім, цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект тоғысқан, болашақтың білікті мамандарын даярлауға бағытталған университеттің жаңа даму кезеңі.
Жаңа оқу корпусы құтты болсын! Білім ордасының абыройы асқақтап, ғылым жолындағы жетістіктері еселене берсін!






