
Түркістан облысы Кәсіпкерлер палатасында Білім беруді және медицинаны дамыту және Өңдеу өнеркәсібі салалық кәсіпкерлер кеңестерінің бірлескен отырысы өтті. Жиында жұмыс берушілердің міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) бойынша берешегін төлеу тәртібі және еңбек заңнамасы талаптарының сақталуы талқыланды.
Алғашқы мәселе аясында жұмыс берушілердің МӘМС бойынша берешегін төлеу тәртібі түсіндірілді. Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының Түркістан облысы бойынша филиалы басшысының орынбасары Тілектес Бағлан Базарбекұлы жұмыс берушілер мен жеке кәсіпкерлердің міндетті төлемдеріне қатысты ақпарат берді.
МӘМС жүйесінде мемлекет, жұмыс берушілер мен азаматтардың ортақ жауапкершілігі қарастырылған. Қолданыстағы талаптарға сәйкес, жұмыс берушілер қызметкерлер үшін аударымдарды уақтылы әрі толық көлемде төлеуге міндетті. Төлемдердің мерзімін өткізіп алу берешектің қалыптасуына, өсімпұл есептелуіне және мемлекеттік кірістер органдары тарапынан бақылау шараларының қолданылуына әкелуі мүмкін.
Сондай-ақ жеке кәсіпкерлердің өздері үшін төлейтін жарналары мен жалдамалы қызметкерлері үшін аударылатын төлемдердің тәртібі түсіндірілді. Кәсіпкерлерге берешек анықталған жағдайда оны уақытылы өтеу, сондай-ақ қызметкерлердің сақтандыру мәртебесін бақылап отыру қажеттігі ескертілді.
Күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша Түркістан облысының мемлекеттік еңбек инспекторы Смадияр Алдияр Шаниярұлы еңбек заңнамасы талаптарының сақталуы жөнінде баяндама жасады.
Талқылау барысында еңбек шарттарын заңнамаға сәйкес рәсімдеу және Enbek.kz платформасында тіркеу, қызметкерлерге еңбекақыны уақтылы төлеу, міндетті төлемдерді аудару, сондай-ақ жұмысшыларды жазатайым оқиғалардан сақтандыру мәселелері қаралды.
Еңбек заңнамасы талаптарын сақтау жұмыс берушілердің құқықтық жауапкершілігін қамтамасыз етіп қана қоймай, қызметкерлердің еңбек құқықтарын қорғауға және жұмыс беруші мен қызметкер арасындағы қатынастардың ашық жүргізілуіне ықпал етеді.
Түркістан облысы Кәсіпкерлер палатасының Аппарат басшысы Санат Сапарбай кәсіпкерлердің заңнама талаптарын дұрыс түсініп, міндеттемелерін уақытылы орындауы маңызды екенін атап өтті.
«Кәсіпкерлік қызметте заң талаптарын сақтау тек міндеттемелерді орындаумен шектелмейді. Бұл – бизнестің тұрақтылығы мен қызметкерлер алдындағы жауапкершіліктің маңызды көрсеткіші. МӘМС төлемдерін уақытылы аудару да, еңбек қатынастарын заңға сәйкес рәсімдеу де жұмыс берушінің күнделікті қызметінде назарда болуы қажет. Сондықтан кәсіпкерлердің өзекті сұрақтарына жауап беріп, заңнама талаптарын түсіндіруге бағытталған кездесулердің маңызы зор. Кәсіпкерлер палатасы кәсіпкерлік субъектілерінің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау, олардың мәселелерін көтеріп, шешу жолдарын қарастыру бағытындағы жұмысын жалғастырады», – деді Санат Сапарбай.
Жиын соңында қатысушылар көтерілген мәселелер бойынша пікір алмасып, сұрақтарына жауап алды. Отырыс қорытындысы бойынша ұсыныстар мен тиісті тапсырмаларды хаттамалық тәртіппен рәсімдеу көзделді.





