
Бүгін Түркістан облысы Кәсіпкерлер палатасында мемлекеттік сатып алу саласындағы заңнамаға енгізілген өзгерістерге арналған семинар-кеңес өтті.
Іс-шараның мақсаты – кәсіпкерлерге мемлекеттік сатып алу рәсімдеріндегі жаңашылдықтарды түсіндіру, камералдық бақылау тәртібіндегі өзгерістерді нақтылау және заңнама талаптарын дұрыс қолдануға қатысты түсіндіру жұмыстарын жүргізу.
Семинар барысында Түркістан облысы бойынша Ішкі мемлекеттік аудит департаменті басшысының орынбасары *Шынтас Енисейұлы камералдық бақылау ережесіне енгізілген өзгерістерге тоқталып, кәсіпкерлердің мемлекеттік сатып алу рәсімдері барысында ескеруге тиіс негізгі талаптарды түсіндірді.
Сондай-ақ ол мемлекеттік сатып алуға қатысушылар үшін құжаттарды дұрыс рәсімдеу, белгіленген талаптарды сақтау және камералдық бақылау кезінде анықталған бұзушылықтарға байланысты ескерту тәртібі жөнінде ақпарат берді.
Алдағы уақытта мемлекеттік сатып алу заңнамасы мен қағидаларына енгізілуі жоспарланып отырған өзгерістерге қатысты түсіндірмені Түркістан облысының құрылыс басқармасы басшысының орынбасары Байдулла Оразбеков және Түркістан облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Мейрамбек Тәжіханов берді.
Спикерлер өз салалары бойынша мемлекеттік сатып алу рәсімдерінде жиі кездесетін мәселелерге тоқталып, кәсіпкерлердің сұрақтарына жауап берді.
Іс-шараға онлайн форматта Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаменті Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу басқармасының бас маманы Эльмира Байдарбекова қатысып, мемлекеттік сатып алу саласындағы ашықтықты қамтамасыз ету, заң талаптарын сақтау және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің алдын алу бағытында түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Зухра Амирова мемлекеттік сатып алу саласындағы заңнамалық талаптарды кәсіпкерлердің дұрыс түсінуі маңызды екенін атап өтті.
«Мемлекеттік сатып алу – кәсіпкерлер үшін жаңа нарықтарға шығуға мүмкіндік беретін маңызды бағыттардың бірі. Сондықтан заңнамадағы әрбір өзгерісті дер кезінде түсініп, белгіленген талаптарды дұрыс сақтау – кәсіпкердің өз құқығын қорғауы мен сатып алу рәсімдеріне ашық әрі сенімді қатысуының маңызды шарты. Бүгінгі семинардың мақсаты да – кәсіпкерлерге өзгерістерді түсінікті тілде жеткізіп, туындауы мүмкін мәселелердің алдын алу. Палата бұл бағыттағы түсіндіру және құқықтық қолдау жұмыстарын тұрақты түрде жалғастырады», – деді Зухра Амирова.
Семинар барысында кәсіпкерлер мемлекеттік сатып алу рәсімдеріне қатысты өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, сала мамандарынан нақты түсіндірмелер алды.
Кәсіпкерлердің құқықтық сауаттылығын арттыру, мемлекеттік сатып алу рәсімдеріндегі өзгерістер туралы жедел ақпарат беру және туындайтын мәселелердің алдын алу бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табады.






