Тіл – ұлттың рухани өзегі, мемлекеттіліктің айқын нышаны. Қазақ халқы үшін ана тілі ғасырлар бойы ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып, ұлттық болмысымыз бен салт-дәстүрімізді сақтап келе жатқан баға жетпес құндылық. Ал мемлекеттік тілдің қоғамдық өмірдің барлық саласында орнығуы – тәуелсіз мемлекеттің маңызды міндеттерінің бірі.
Осы тұрғыдан алғанда, мемлекеттік тілдің сот жүйесіндегі орны ерекше. Себебі сот – азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауды, заңдылық пен әділдікті қамтамасыз етуді көздейтін мемлекеттік биліктің маңызды институты. Сот төрелігі халыққа түсінікті әрі қолжетімді болуы үшін құқықтық нормалармен қатар, оның тілі де баршаға ұғынықты болуы қажет.
Қазақстан Республикасының Конституциясында қазақ тілі мемлекеттік тіл ретінде бекітілген. Сонымен бірге сот ісін жүргізуде азаматтардың өз құқықтарын толық пайдалануына жағдай жасалған. Яғни сот процесіне қатысушы әрбір адамның заңда көзделген тілдік құқықтары сақталуы – сот төрелігінің маңызды қағидаттарының бірі.
Мемлекеттік тілдің сот саласындағы қолданысы ең алдымен сот құжаттарынан көрініс табады. Сот актілері мен іс жүргізу құжаттарының мемлекеттік тілде сауатты, нақты және құқықтық талаптарға сай әзірленуі – сот қызметінің сапасын көрсететін негізгі өлшемдердің бірі. Құқықтық құжаттағы бір ғана сөздің өзі белгілі бір құқықтық салдарға әкелуі мүмкін. Сондықтан сот қызметкерлерінен тілдік сауаттылықпен қатар, заң терминдерін дұрыс қолдану, құқықтық мәтінді нақты әрі түсінікті жеткізу шеберлігі талап етіледі.
Мемлекеттік тілдің сот жүйесінде кеңінен қолданылуы азаматтардың құқықтық сауатын арттыруға да ықпал етеді. Сотқа жүгінген азамат өзіне қатысты құқықтық мәселенің мәнін, сот актісінің мазмұнын және заң талаптарын түсінген жағдайда ғана өзінің құқықтары мен міндеттерін толық сезіне алады. Бұл өз кезегінде азаматтардың сот төрелігіне деген сенімін арттыруға ықпал етеді.
Әсіресе кәмелетке толмағандардың істерін қарау барысында тілдің мәні айрықша. Баланың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға бағытталған сот процесі барынша түсінікті, байыпты және балаға қолайлы жағдайда жүргізілуі қажет. Мұндай істерде заң талаптарын сақтау ғана емес, баланың жас ерекшелігі мен қабылдау деңгейін ескеру де маңызды. Сондықтан сот қызметкерлерінің тіл мәдениеті мен кәсіби қарым-қатынас әдебі бұл бағытта ерекше мәнге ие.
Мемлекеттік тілдің сот жүйесіндегі қолданысын кеңейту тек құжаттарды қазақ тілінде жүргізумен шектелмеуі тиіс. Ол азаматтарды қабылдау кезінде, ақпараттық-түсіндіру жұмыстарында, сот әкімшілігінің күнделікті қызметінде, бұқаралық ақпарат құралдарымен байланыста және қоғаммен коммуникация барысында да тұрақты көрініс табуы қажет.
Бұл ретте сот жүйесі қызметкерлерінің кәсіби біліктілігімен қатар, мемлекеттік тілді меңгеру деңгейін арттыруға да басымдық берілгені жөн. Өйткені тіл – қызметтік міндетті орындаудың қарапайым құралы ғана емес, азаматпен тікелей байланыс орнатудың, оның мәселесін дұрыс түсінудің және құқықтық ақпаратты сапалы жеткізудің маңызды құралы.
Тіл мәдениеті – мемлекеттік қызметшінің кәсіби мәдениетінің бір бөлігі. Азамат сотқа келген кезде оның заңды мәселесіне ғана емес, оған көрсетілген қарым-қатынасқа да мән береді. Мемлекеттік тілде сауатты, әдепті әрі түсінікті сөйлей білу – халыққа қызмет етудің мәдениетін көрсетеді.
Сондықтан мемлекеттік тілдің сот жүйесінде қолданылуын жетілдіру – бір күннің немесе бір мекеменің міндеті емес. Бұл бағыттағы жұмыс жүйелі түрде жалғасып, әрбір қызметкердің ішкі жауапкершілігіне айналуы қажет. Мемлекеттік тілдің мәртебесі оны тек заң жүзінде бекітумен емес, күнделікті өмірде, кәсіби ортада нақты қолданумен нығаяды.
Сот – әділеттің айнасы. Ал әділеттің халыққа түсінікті тілде жеткізілуі оның мәнін тереңдете түседі. Мемлекеттік тілдің сот төрелігін жүзеге асырудағы орнының нығаюы – құқықтық мәдениеттің дамуына, азаматтардың заңға құрметінің артуына және мемлекет пен қоғам арасындағы өзара байланыстың беріктенуіне қызмет етеді.
Ендеше, мемлекеттік тілдің сот жүйесіндегі қолданыс аясын кеңейту – баршамызға ортақ міндет. Тілге құрмет – елге құрмет. Ал мемлекеттік тілге деген жауапкершілік – тәуелсіз Қазақстанның болашағына деген жауапкершілік.
Б. МАМАСАЛИЕВ,
Шымкент қаласының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі
мамандандырылған ауданаралық соты әкімшісінің басшысы.





