Шымкентте «1 қазан – Халықаралық қарттар күні мерекесіне» орай «Ізетті зейнеткер» шипажайында «Қарттарым – асыл қазынам» атты мерекелік жиын өтті. «Әділет» партиясы Шымкент қалалық филиалы мен Абай аудандық әкімдігінің ұйымдастыруымен өткен шараға партия филиалы төрағасының орынбасары Ербол Байқонысов, Абай аудандық партия филиалының атқарушы хатшысы Жандос Қамбарбеков, «Әйелдер қанатының» мүшесі Зәуре Оралбаева және әкімдік қызметкерлері қатысты.
Кездесудің негізгі мақсаты – аға буын өкілдеріне құрмет көрсетіп, олардың қоғамдағы орнын айшықтау және мерекелік көңіл күй сыйлау. Жиын барысында қариялар өзара әңгімелесіп, ән тыңдап, түрлі ойындарға қатысты. Сұрақ-жауап форматындағы сайыстар ұйымдастырылып, белсенді қатысушыларға көңіл бөлінді. Мерекелік кеш би мен әнге ұласып, шипажайдағы қарияларға көтеріңкі көңіл күй сыйлады.
Ербол Байқонысов аға буынның тәрбиесі мен өмірлік тәжірибесінің кейінгі ұрпақ үшін маңызына тоқталды.
«Қария – отбасының ғана емес, тұтас қоғамның қазынасы. Бүгінгі ұрпақтың міндеті – үлкенді құрметтеп, олардың өмірлік тәжірибесі мен өнегесін кейінгі буынға жеткізу», – деді Ербол Байқонысов.
Мерекелік шара барысында «Әділет» партиясы атынан шипажайға массаж аппараттары мен қарияларға қажетті тұрмыстық заттар сыйға тартылды.





