Шымкент қаласындағы Арбат демалыс орнында тұрғындардың діни сауаттылығын арттыру, деструктивті діни идеологиялардың ықпалының алдын алу және қоғамдағы діни тұрақтылықты сақтау бағытында ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Іс-шараны «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің теолог мамандары мен «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің қызметкерлері бірлесіп ұйымдастырды.
Кездесудің негізгі тақырыбы – «Жат діни ағымдардан қорғану және алдын алу тәсілдері және кереғар діни идеологиялардың ықпалынан сақтау». Іс-шара барысында тұрғындарға діни мәселелер бойынша дұрыс әрі объективті ақпарат беру, күмәнді діни мазмұндағы материалдардың ықпалына түспеудің жолдарын түсіндіру және азаматтардың діни сауаттылығын арттыру мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Мамандардың айтуынша, қазіргі таңда интернет пен әлеуметтік желілердің кең таралуына байланысты діни мазмұндағы ақпаратқа қол жеткізу мүмкіндігі артты. Алайда ақпараттың барлығы бірдей сенімді әрі дұрыс бола бермейді. Осыған байланысты азаматтардың кез келген діни ақпаратты сыни тұрғыдан бағалай білуі, оның қай дереккөзден таралғанына назар аударуы және күмәнді мәліметтерге ермеуі маңызды.
Түсіндіру жұмыстары барысында тұрғындарға деструктивті діни идеологиялардың адам санасына және қоғамдық ортаға кері әсері туралы ақпарат берілді. Сондай-ақ теріс діни ағымдардың ықпалына түсу қаупін арттыратын факторлар, жалған діни насихаттың ерекшеліктері және осындай ақпараттардан сақтану жолдары жөнінде түсініктемелер ұсынылды.
Мамандар азаматтарға діни мәселелер бойынша ақпаратты тек сенімді әрі ресми дереккөздерден алудың маңыздылығын атап өтті. Әсіресе әлеуметтік желілерде таралатын күмәнді уағыздар мен бейнематериалдарға сақтықпен қарау, белгісіз тұлғалардың діни сипаттағы ұсыныстарына бірден сенбеу және қандай да бір мәселе туындаған жағдайда білікті дінтанушылар мен теолог мамандардың кеңесіне жүгіну қажеттігі айтылды.
Іс-шара барысында тұрғындарға арнайы дайындалған діни ақпараттық парақшалар мен жадынамалар таратылды. Ақпараттық материалдарда деструктивті діни идеологиялардың алдын алуға, діни сауаттылықты арттыруға және азаматтардың ақпараттық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған пайдалы мәліметтер қамтылды.
Кездесу ашық форматта өтіп, Арбатқа келген тұрғындар өздерін қызықтырған сұрақтарын мамандарға қойып, нақты жауаптар алды. Бұл формат азаматтардың дін саласына қатысты мәселелерді еркін талқылауына және қажетті ақпаратты тікелей мамандардан алуына мүмкіндік берді.
Мұндай ақпараттық-түсіндіру жұмыстары тұрғындардың діни сауаттылығын арттырып қана қоймай, деструктивті діни ағымдардың таралуының алдын алуға, азаматтардың сыни ойлау қабілетін қалыптастыруға және қоғамдағы тұрақтылық пен өзара келісімді сақтауға бағытталған маңызды жұмыстардың бірі болып табылады. Діни мәселелерге жауапкершілікпен қарау және сенімді ақпаратқа сүйену – түрлі теріс идеологиялық ықпалдардан қорғанудың маңызды шарты.






