Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының қабылдануы – еліміздің қоғамдық-саяси және құқықтық дамуындағы елеулі тарихи оқиға. Осыған байланысты қабылданған құқықтық актілердің қатарында рақымшылық жасау туралы заңның да өзіндік орны бар.
Қазақстан Республикасының 2026 жылғы 1 шілдедегі №329-VIII «Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының қабылдануына байланысты рақымшылық жасау туралы» Заңы – мемлекет тарапынан ізгілік танытудың, адам тағдырына жауапкершілікпен қараудың және құқықтық саясатты ізгілендірудің маңызды көрінісі. Аталған заң 2026 жылғы 2 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді.
Рақымшылық институты – құқықтық мемлекеттегі ізгілік қағидатының нақты көріністерінің бірі. Ол белгілі бір санаттағы адамдарға қатысты қылмыстық жауаптылықтан немесе жазадан босатуды, жазаны жеңілдетуді көздейді. Бұл ретте рақымшылық жеке адамға қатысты емес, заңда нақты айқындалған адамдар тобына қолданылады.
Рақымшылық жасау туралы заңның басты мақсаты – қылмыстық жауаптылық пен жазалауды жоққа шығару емес, қоғамға аса жоғары қауіп төндірмейтін құқық бұзушылықтар жасаған, келтірілген залалды өтеген, түзелу жолына түскен адамдарға заң аясында мүмкіндік беру. Яғни мұнда ізгілік пен әділеттіліктің, гуманизм мен жауапкершіліктің арасындағы тепе-теңдік басты назарда болады.
Заңның ерекшеліктерінің бірі – оның қылмыстық құқық бұзушылық жасаған адамдардың белгілі бір санаттарына ғана емес, алғаш рет әкімшілік құқық бұзушылық жасаған жекелеген тұлғаларға да қолданылуы.
Қылмыстық құқық бұзушылықтар бойынша заңда қылмыстық теріс қылықтар мен онша ауыр емес қылмыстар жасаған адамдарды, сондай-ақ белгілі бір талаптарға сәйкес келетін ауырлығы орташа қылмыс жасаған адамдарды қылмыстық жауаптылықтан немесе негізгі жазадан босату көзделген.
Мұнда ең маңыздысы – рақымшылықтың автоматты түрде қолданылмайтындығы. Әрбір адамның құқықтық жағдайы заң талаптарына сәйкес жеке зерделенеді. Қылмыстың санаты, оның жасалған уақыты, келтірілген залалдың өтелуі, сотталған адамның мінез-құлқы, жазаның өтелген және өтелмеген мерзімі секілді мән-жайлардың барлығы ескеріледі.
Заңда жазаның өтелмеген бөлігін қысқарту мүмкіндігі де қарастырылған. Бұл ретте рақымшылықтың нақты түрі мен мөлшері адамның жасаған қылмысының санатына және заңда белгіленген өзге де талаптарға байланысты айқындалады.
Осы жерде рақымшылықтың құқықтық табиғатын дұрыс түсінудің маңызы зор. Рақымшылық қолданылған адам кінәсіз деп танылмайды және жасалған әрекет ақталмайды. Бұл – мемлекет қабылдайтын ізгілік сипатындағы құқықтық шешім. Сонымен бірге рақымшылық жәбірленушінің заңмен қорғалатын құқықтары мен заңды мүдделерін автоматты түрде жоймайды.
Заң қоғам қауіпсіздігіне елеулі қатер төндіретін қылмыс жасаған адамдарға қатысты да нақты шектеулер белгілейді. Атап айтқанда, заңда көзделген жағдайларда сыбайлас жемқорлық, террористік және экстремистік сипаттағы қылмыстарды, азаптау қылмысын жасаған адамдарға, сондай-ақ қылмыстардың қайталануы немесе қауіпті қайталануы кезінде жаза тағайындалған адамдарға рақымшылық қолданылмайды.
Бұл шектеулердің өзі рақымшылықтың жауапсыздыққа жол ашатын шара емес екенін көрсетеді. Мемлекет бір жағынан ізгілік танытса, екінші жағынан қоғамның қауіпсіздігі мен азаматтардың құқықтарын қорғау міндетін бірінші орынға қояды.
Рақымшылық туралы заңды іске асыруда соттардың атқаратын рөлі ерекше. Өйткені заң талаптарының нақты әрі біркелкі орындалуы ең алдымен құқық қолдану тәжірибесіне байланысты.
Әрбір істі қарау кезінде рақымшылықты қолдануға негіз болатын мән-жайлар мұқият анықталуы тиіс. Сот қылмыстың санатын, адамның жеке басын, келтірілген залалдың өтелуін, жазаның өтелген және өтелмеген мерзімін және заңда көрсетілген басқа да талаптарды жан-жақты бағалауы қажет.
Сонымен қатар рақымшылық туралы заң сотқа дейінгі және соттағы іс жүргізу барысында да қолданылуы мүмкін. Заң талаптарына сәйкес келетін аяқталмаған қылмыстық істер бойынша тиісті процестік шешімдер қабылданады. Ал сот үкімі заңды күшіне енген және адам жазасын өтеп жатқан жағдайда, заңда белгіленген негіздер болған кезде адам негізгі жазадан босатылуы немесе жазаның өтелмеген бөлігі қысқартылуы мүмкін.
Рақымшылықты іске асыру белгілі бір мерзіммен де шектелген. Заңда оны орындауға жауапты органдарға тиісті шараларды қабылдау үшін мерзім белгіленген. Осы кезеңде әрбір адамның жеке ісі зерделеніп, рақымшылық қолдануға негіз бар-жоғы анықталады.
Заңның тағы бір назар аударарлық тұсы – рақымшылық қолданылуы мүмкін адамның немесе оның заңды өкілінің қарсылығы болған жағдайда рақымшылықтың қолданылмайтындығы. Бұл норма адамның өз еркін білдіру құқығын да ескеретінін көрсетеді.
Әкімшілік құқық бұзушылықтар бойынша рақымшылықтың көзделуі де жаңа заңның ерекшеліктерінің бірі. Заңда белгілі бір санаттағы азаматтар мен кәсіпкерлік субъектілерін, сондай-ақ жекелеген кәсіби қызмет иелерін заң қолданысқа енгізілген күнге орындалмаған әкімшілік айыппұлдан немесе оның орындалмаған бөлігінен босату мәселелері қарастырылған.
Бұл ретте әкімшілік құқық бұзушылықтардың барлығына рақымшылық бірдей қолданылмайтынын атап өткен жөн. Заңда рақымшылық қолданылмайтын тұлғалар мен жағдайлар нақты көрсетілген. Сондықтан әрбір нақты жағдайда заң нормалары мұқият зерделеніп, оның талаптарына сәйкестігі анықталуы қажет.
Жалпы алғанда, жаңа Конституцияның қабылдануына байланысты рақымшылық жасау – мемлекетіміздің құқықтық саясатындағы ізгілік қағидатының маңызды көрінісі. Алайда ізгілік заң талаптарын айналып өту немесе жауапкершіліктен негізсіз босату дегенді білдірмейді.
Сот төрелігінің басты міндеттерінің бірі – заң мен әділеттің арақатынасын дұрыс сақтау. Осы тұрғыдан алғанда, рақымшылық туралы заңды қолдану кезінде де заңдылық, әділеттілік, объективтілік және адамның құқықтары мен бостандықтарын құрметтеу қағидаттары басшылыққа алынуы тиіс.
Рақымшылық – адамға жаңа мүмкіндік беретін құқықтық тетік. Бірақ сол мүмкіндіктің заңда белгіленген нақты өлшемдері бар. Сондықтан оның әрбір жағдайда дұрыс әрі негізді қолданылуы құқықтық тәртіптің нығаюына, сот төрелігіне деген қоғамдық сенімнің артуына ықпал етеді.
Жаңа Конституциямен бірге еліміздің құқықтық кеңістігінде адам құқықтары мен бостандықтарын қорғаудың жаңа кезеңі басталды. Ал осы тарихи кезеңге орай қабылданған рақымшылық туралы заң – мемлекет пен қоғам арасындағы өзара жауапкершілікті, ізгілік пен әділеттіліктің сабақтастығын айқындайтын маңызды құқықтық қадам.
Заңның мәні – тек жазаны жеңілдетуде емес, ең алдымен адамға түзелуге, қоғамға қайта оралуға мүмкіндік беруде. Сондықтан рақымшылықты дұрыс әрі әділ қолдану – құқықтық мемлекеттің ізгілікке негізделген саясатының нақты көрінісі.
Заң мен ізгілік үндескен жерде әділеттің салмағы да арта түседі.
С.АЯПОВ,
Түркістан облысы
Арыс аудандық сотының судьясы.






