Шымкентте еліміздегі бесінші жаңа форматтағы цифрлық кеңсе ашылды. Ол мемлекеттік қызметтерді өз бетінше алуға, цифрлық сервистерді пайдалану және тұрғындардың цифрлық сауаттылығын арттыруға арналған.
AI-кеңсенің салтанатты ашылуына қала әкімі Ғабит Сыздықбеков пен «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ Басқарма төрағасы Арман Кенжеғалиев қатысты.
AI-кеңседе экспресс-қызмет көрсету, цифрлық, сараптамалық және оқыту аймақтары, сондай-ақ, демалыс орны қарастырылған. Келушілер моноблоктар, жоғары жылдамдықты сканерлер және eGov GPT сервисі бар ақпараттық экрандарды пайдалана алады. Мұндай AI-кеңселер мемлекеттік қызметтерді цифрлық форматта алуды жеңілдетуге бағытталған.
Мегаполис әкімі мемлекеттік корпорация басшылығына жобаны жүзеге асырғаны үшін алғысын білдіріп, цифрлық технологиялар заманауи ғана емес, тұрғындарға шын мәнінде ыңғайлы әрі қолжетімді болуы маңызды екенін атап өтті.
Кеңседегі жаңалықтардың бірі – құжаттандыру терминалы. Оның көмегімен азаматтар жеке куәлік немесе паспортты бірнеше минут ішінде өз бетінше рәсімдей алады.
«Мемлекеттік процестерді цифрландыру күнделікті жұмысымыздың қалыпты бөлігіне айналды. Мемлекет басшысы айқындаған стратегиялық басымдықтар аясында біз қызметтерді автоматтандыруға, азаматтардың барлық санатына қолжетімді әрі қолайлы орта қалыптастыруға басымдық беріп отырмыз. Адамдарға бағдарланған дәл осы тәсілді біз AI-кеңселерімізде жүзеге асырдық», – деді Арман Кенжеғалиев.
Кеңседе оқытуға да ерекше көңіл бөлінген. Мұнда тұрғындар цифрлық дағдыларын тегін жетілдіріп, электрондық сервистерді меңгере алатын арнайы аймақтар жұмыс істейді.
Жоба «Shymkent City Mall» сауда–ойын-сауық орталығының қолдауымен жүзеге асырылды. Бұған дейін осындай AI-кеңселер Астана қаласында, Түркістан және Ұлытау облыстарында ашылған. Мемлекеттік корпорация мұндай кеңістіктер желісін еліміздің барлық өңірінде дамытуды жоспарлап отыр.




