Әскери қызмет – мемлекеттің қорғаныс қабілетін қамтамасыз ететін аса жауапты әрі құрметті міндеттердің бірі. Әскердің жауынгерлік дайындығы тек заманауи техникамен немесе қару-жарақпен ғана емес, ең алдымен әскери қызметшілердің заңға бағынуы, қызметтік тәртіпті сақтауы және жоғары жауапкершілігі арқылы айқындалады. Сондықтан әскери ортадағы заң мен тәртіп – Қарулы Күштердің тұрақтылығы мен тиімді қызметінің негізгі қағидаттарының бірі.
Заң – қоғамдық қатынастарды реттейтін басты құқықтық құрал болса, тәртіп – сол заң талаптарының күнделікті өмірде мүлтіксіз орындалуы. Әскери қызметте бұл ұғымдардың маңызы ерекше. Себебі әскери бөлімдегі әрбір бұйрықтың уақытылы әрі нақты орындалуы жеке құрамның қауіпсіздігіне, жауынгерлік әзірлік деңгейіне және әскери тапсырмалардың табысты орындалуына тікелей әсер етеді.
Қазақстан Республикасының Конституциясы, «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» Заңы, әскери жарғылар мен басқа да нормативтік құқықтық актілер әскери қызметшілердің құқықтары мен міндеттерін нақты белгілейді. Әрбір әскери қызметші осы талаптарды сақтап, әскери антқа адал болуға, қызметтік міндеттерін абыроймен орындауға және әскери тәртіпті қатаң ұстануға міндетті.
Әскери тәртіптің негізінде өзара сыйластық, жауапкершілік, адалдық және Отанға деген шексіз сүйіспеншілік жатыр. Тәртіп сақталған ұжымда өзара сенім қалыптасып, әрбір әскери қызметші өз міндетін жоғары деңгейде атқарады. Мұндай орта құқық бұзушылықтардың алдын алып қана қоймай, кәсіби шеберлікті арттыруға және моральдық-психологиялық ахуалды нығайтуға ықпал етеді.
Заң талаптарын бұзу немесе әскери тәртіпті сақтамау түрлі құқықтық жауапкершілікке әкеледі. Сондықтан құқықтық мәдениетті қалыптастыру, заң талаптарын түсіндіру, әскери қызметшілердің құқықтық сауаттылығын арттыру және профилактикалық жұмыстарды жүйелі жүргізу ерекше маңызға ие.
Бүгінгі таңда елімізде «Заң және тәртіп» қағидаты мемлекеттік саясаттың маңызды бағыттарының бірі ретінде жүзеге асырылып келеді. Бұл қағидат әскери салада да өзекті болып табылады. Әскери қызметші үшін заңды құрметтеу – тек міндет қана емес, кәсіби ар-намыс пен әскери абыройдың көрінісі.
Қорытындылай келе, әскери қызметтегі заң мен тәртіп – Қарулы Күштердің сенімділігі мен мемлекет қауіпсіздігінің берік кепілі. Заң үстемдігі мен темірдей тәртіп сақталған жерде әскери қызмет сапасы артып, қоғамның армияға деген сенімі нығая түседі. Әрбір әскери қызметші заң талаптарын бұлжытпай орындап, әскери тәртіпті қатаң сақтай отырып, Қазақстан Республикасының қауіпсіздігі мен тәуелсіздігін қорғауға лайықты үлес қосады.
А.СЕРІКБАЕВ,
Шымкент гарнизоны әскери соты әкімшісінің басшысы.





