Қазақстан Республикасының Конституциясы – мемлекетіміздің берік іргетасы, қоғам мен билік арасындағы қарым-қатынасты айқындайтын басты құқықтық құжат. Ата Заң азаматтардың құқықтары мен бостандықтарының кепілі ғана емес, елдің саяси, әлеуметтік және экономикалық дамуының негізгі бағытын белгілейтін маңызды құндылық болып табылады.
Соңғы жылдары елімізде жүзеге асырылған конституциялық реформалар Қазақстанның жаңару жолындағы маңызды қадамдарының бірі болды. Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған өзгерістер қоғамның сұранысына жауап беріп, мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіруге, билік тармақтары арасындағы тепе-теңдікті нығайтуға және азаматтардың құқықтарын қорғау тетіктерін күшейтуге бағытталды.
2022 жылғы республикалық референдум арқылы Конституцияның бірқатар баптарына өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Бұл реформалардың басты мақсаты – «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» қағидатын орнықтыру болды. Соның нәтижесінде Парламенттің өкілеттіктері кеңейіп, оның заң шығару қызметіндегі рөлі артты.
Конституциялық өзгерістердің ең маңызды бағыттарының бірі – адам құқықтарын қорғау жүйесін нығайту. Атап айтқанда, Конституциялық Сот құрылып, азаматтардың өз құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау мүмкіндігі кеңейді. Ендігі жерде әрбір азамат өзінің конституциялық құқықтары бұзылды деп есептеген жағдайда Конституциялық Сотқа жүгіне алады. Бұл – құқықтық мемлекетті дамыту жолындағы маңызды жаңашылдықтардың бірі.
Сонымен қатар, Ата Заңға енгізілген өзгерістер жер және табиғи ресурстарға қатысты нормаларды нақтылай түсті. Конституцияда жер мен оның қойнауы, су көздері, өсімдіктер мен жануарлар дүниесі халыққа тиесілі екендігі тағы да айқындалды. Бұл қағида ұлттық байлықты тиімді пайдалануға және оны келешек ұрпаққа сақтауға мүмкіндік береді.
Реформалар жергілікті өзін-өзі басқару институттарын дамытуға да серпін берді. Мәслихаттардың құзыреті кеңейіп, жергілікті билік органдарының жауапкершілігі артты. Бұл өзгерістер азаматтардың қоғамдық-саяси өмірге белсенді қатысуына және мемлекеттік шешімдерді қабылдау үдерісіне ықпал етуіне жол ашты.
Конституциялық реформалар аясында өлім жазасын қолдануға толықтай тыйым салынды. Адам өмірі мен қадір-қасиетін ең жоғары құндылық ретінде тану – құқықтық әрі демократиялық мемлекеттің басты қағидаттарының бірі. Осылайша, Қазақстан халықаралық құқықтың озық тәжірибесіне сай маңызды қадам жасады.
Бұдан бөлек, Президенттің өкілеттік мерзіміне қатысты өзгерістер енгізіліп, бір адам жеті жылдық мерзімге бір рет қана Президент болып сайланатын болды. Бұл саяси жүйенің тұрақтылығын қамтамасыз етуге және мемлекеттік институттарды одан әрі дамытуға бағытталған.
Конституцияға енгізілген өзгерістер еліміздегі әділдік, заң үстемдігі және азаматтардың құқықтарын қорғау қағидаттарын нығайтуға негіз болды. Бұл реформалар мемлекеттік институттардың ашықтығын арттырып қана қоймай, қоғам мен мемлекет арасындағы сенімді күшейтуге ықпал етуде.
Ата Заң – тәуелсіздігіміздің тұғыры, мемлекетіміздің берік тірегі. Сондықтан Конституция талаптарын құрметтеу, оның қағидаттарын сақтау және құқықтық мәдениетті қалыптастыру – әрбір азаматтың міндеті. Конституциялық реформалар Қазақстанның демократиялық, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде одан әрі дамуына жол ашып, елдің жарқын болашағына берік негіз қалайды.
А.БЕКЕТАНОВА,
Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты әкімшісінің басшысы.






