Түркістан облысы кәсіпкерлер палатасында құрылыс индустриясын дамыту және заманауи технологияларды өңірге енгізу мәселелеріне арналған кездесу өтті.


Жиынға Түркістан облыстық мәслихатының төрағасы Нұралы Әбішов, Түркістан облысы кәсіпкерлер палатасының директоры Асылан Ибадуллаев, қытайлық бизнес өкілдері және отандық кәсіпкерлер қатысты.
Кездесуде Қытайдың құрылыс индустриясындағы тәжірибесін Түркістан облысына енгізу, заманауи құрылыс материалдарын өндіру және құрастырмалы құрылыс технологияларын қолдану бағыттары талқыланды.
Ұсынылып отырған жоба аясында құрастырмалы темірбетон конструкциялары, дайын қабырға панельдері және модульдік ғимараттар өндірісін жолға қою мүмкіндігі қарастырылуда. Бұл технологиялар құрылыс жұмыстарын жеделдетіп, өндірістік жағдайда дайындалатын құрылыс элементтерінің сапасын тұрақтандыруға мүмкіндік береді.
Жобаны қытайлық Shenzhen Hewei Enterprise Group, Shenzhen Defu Group және Hunan Yuanda Construction Industry Group (Broad Homes) компанияларының қатысуымен жүзеге асыру мәселесі ұсынылды. Компаниялардың технологиялық шешімдерін жергілікті жағдайға бейімдеп, Қазақстандағы құрылыс нормалары мен талаптарына сәйкестігін қамтамасыз ету мәселесі де назарға алынды.
Түркістан облысы үшін бұл бастаманың маңызы зор. Себебі өңірде тұрғын үймен қатар әлеуметтік және инфрақұрылымдық нысандардың құрылысы қарқынды жүргізілуде. Жаңа технологияларды пайдалану құрылыс сапасын арттырып қана қоймай, жергілікті өндірісті дамытуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және құрылыс материалдарын жергіліктендіруге мүмкіндік береді.
Кәсіпкерлер палатасының директоры Асылан Ибадуллаев мұндай жобалардың өңір экономикасын әртараптандырудағы рөліне тоқталды.
«Түркістан облысы үшін бұл жобаның маңызы зор. Бүгінгі таңда құрылыс саласына жаңа технологиялар мен заманауи материалдарды енгізу – уақыт талабы. Қытайлық әріптестердің тәжірибесін жергілікті кәсіпкерлердің әлеуетімен ұштастыра отырып, өңірде жаңа өндірістер ашуға, құрылыс материалдарын жергіліктендіруге және жаңа жұмыс орындарын құруға мүмкіндік бар. Ең бастысы – бұл бастама нақты өндіріске, технология трансферіне және Түркістанның құрылыс индустриясын дамытуға бағытталуы керек. Осы бағытта бірлескен жұмысты жалғастыруға дайынбыз», – деді Асылан Ибадуллаев.
Кездесуде тараптар алдағы уақытта жобаның техникалық және экономикалық мүмкіндіктерін зерделеп, өндірісті орналастыру, инженерлік инфрақұрылым, өнім өткізу нарығы және технологияны Қазақстан жағдайына бейімдеу мәселелері бойынша жұмысты жалғастыруға ниетті екенін білдірді.
Жаңа өндіріс іске қосылған жағдайда, Түркістан облысының құрылыс саласына заманауи материалдар мен индустриялық тәсілдерді кеңінен енгізуге жол ашылмақ. Бұл өз кезегінде өңірдегі құрылыс индустриясының жаңа деңгейге көтерілуіне ықпал етуі мүмкін.






