Апостиль – Қазақстан Республикасының аумағында берілген ресми құжаттың түпнұсқалығын растайтын арнайы мөртабан. Апостиль қойылған құжат 1961 жылғы Гаага конвенциясына қосылған мемлекеттердің аумағында заңды күшке ие болып, қосымша консулдық заңдастырусыз пайдаланылуы мүмкін. Сот органдарынан шығатын ресми құжаттарға апостиль қою – халықаралық құқықтық қатынастарда азаматтар мен заңды тұлғалардың құқықтарын қамтамасыз ететін маңызды мемлекеттік қызметтердің бірі. Сонымен қатар, бұл Қазақстан Республикасының құқықтық жүйесінің халықаралық деңгейдегі беделін айқындайтын көрсеткіштердің бірі болып табылады. Аталған мемлекеттік қызметті жеке және заңды тұлғалар пайдалана алады. Қазіргі таңда сот құжаттарына апостиль қою туралы өтінішті екі тәсілмен беруге болады: * eGov.kz электрондық үкімет порталы арқылы; * «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ (ХҚКО) арқылы. Халыққа қызмет көрсету орталығы арқылы өтініш берген жағдайда азамат құжаттарды тапсыру және дайын құжатты алу үшін екі рет жүгінеді. Ал электрондық үкімет порталы арқылы өтініш беру әлдеқайда ыңғайлы әрі уақытты үнемдейді. Ол үшін өтініш берушінің электрондық цифрлық қолтаңбасы (ЭЦҚ) болуы жеткілікті. Әсіресе шалғай елді мекендерде тұратын азаматтар үшін бұл мемлекеттік қызметті қашықтан алу үлкен мүмкіндік береді. ЭЦҚ алғаннан кейін пайдаланушы www.egov.kz порталында тіркеліп, қажетті мемлекеттік қызметті таңдайды. Өтінішті электрондық түрде толтырып, қажетті құжаттардың скан-көшірмелерін тіркейді, мемлекеттік бажды онлайн төлейді және өтінішке ЭЦҚ арқылы қол қояды. Өтініш қаралғаннан кейін бір жұмыс күні ішінде өтініш берушінің жеке кабинетіне құжаттың түпнұсқасын қай күні және қай жерде тапсыру қажеттігі туралы хабарлама жолданады. Белгіленген күні өтініш беруші жеке басын куәландыратын құжатпен және апостиль қойылатын құжаттың түпнұсқасымен Сот әкімшілігінің тиісті аумақтық департаментіне жүгінеді. Құжатқа апостиль қойылғаннан кейін ол өтініш берушіге беріледі. Мемлекеттік қызметті көрсету мерзімі: * электрондық өтініш бойынша – бір жұмыс күні ішінде хабарлама жолданады; * ХҚКО арқылы – заңнамада белгіленген мерзімдерге сәйкес жүзеге асырылады. Мемлекеттік қызмет ақылы негізде көрсетіледі. Қазақстан Республикасының Салық кодексіне сәйкес ресми құжаттың әрқайсысына апостиль қою үшін 0,5 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) мөлшерінде мемлекеттік баж алынады. 2026 жылы 1 АЕК – 4325 теңге, сондықтан апостиль қою үшін мемлекеттік баж мөлшері 2162,5 теңгені құрайды. Мемлекеттік бажды екінші деңгейдегі банктер, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдар немесе электрондық үкіметтің төлем шлюзі арқылы төлеуге болады. Сот құжаттарына апостиль қою мемлекеттік қызметі азаматтардың уақытын үнемдеуге, мемлекеттік қызметтердің қолжетімділігін арттыруға және құжаттарды халықаралық деңгейде пайдалануға мүмкіндік береді.
А.СЕРІКБАЕВ,
Шымкент гарнизоны әскери соты әкімшісінің басшысы.






