Алматы қаласындағы Армия үйінде «Патриотизм және Отанға деген сүйіспеншілік – әрбір командирдің міндеті» тақырыбында III республикалық форум өтті. Сарбаз аналарының «Аналар жүрегі» комитеті ұйымдастырған іс-шараға күштік құрылымдар мен әскери ведомстволардың, қоғамдық ұйымдар мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Форумның ашылуы 28 гвардияшы-панфиловшылар саябағындағы Мәңгілік алауға гүл шоқтарын қою рәсімінен басталып, қатысушылар қаза тапқан батырларды бір минут үнсіздікпен еске алды.
Қоғамдық диалогқа қатысқан Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің тәрбие және идеологиялық жұмыстар жөніндегі орынбасары генерал-майор Асқар Мұстабеков мұндай кездесулер мемлекеттік органдар мен қоғамдық ұйымдар арасындағы тәжірибе алмасуға, өзара іс-қимылдың жаңа тетіктерін қалыптастыруға және әскери-патриоттық тәрбиені одан әрі дамытуға ықпал ететінін атап өтті.
Іс-шараға Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының қолбасшысы генерал-майор Сәкентай Шекарбеков қатысып, мұндай кездесулердің әскери бөлімдер мен ата-аналар арасындағы өзара сенімді нығайтудағы, әскери қызметтің беделін арттырудағы және жастарды патриоттық рухта тәрбиелеудегі маңызын атап өтті.
Сондай-ақ өңірлік қолбасшылық қолбасшысы Ұлттық ұланда әскери қызметшілер үшін қолайлы жағдай жасау бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Оның айтуынша, Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің орынбасары – Ұлттық ұланның Бас қолбасшысы генерал-лейтенант Ансаған Балтабековтің бастамасымен Алматы және Түркістан қалаларында әскери қалашықтардың құрылысы басталып, Алматыдағы 5571 әскери бөлімі мен Қызылордадағы 5547 әскери бөлімінің батальондарына арналған жаңа казармалардың құрылысы аяқталуға жақын.
Форум барысында сарбаздарға қамқорлық жасап, жеке құрам арасындағы қолайлы моральдық-психологиялық ахуалды қалыптастыруға қосқан үлесі үшін үздік офицерлер марапатталды. Ұлттық ұланнан 5571 әскери бөлімі рота командирінің орынбасары аға лейтенант Мырзаәділ Қанатұлы, 3660 әскери бөлімінің атқыштар ротасының командирі аға лейтенант Самғар Көпжасар және 5514 әскери бөлімі командирінің тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары подполковник Нұрсұлтан Төлеген Алғыс хаттарға ие болды.
Сондай-ақ форум аясында Ұлттық ұланның 5571 әскери бөлімінің сарбазы қатардағы жауынгер Ансар Сағибеков, 3660 әскери бөлімінің сарбазы қатардағы жауынгер Ербосын Нұрмұхамбет және 5514 әскери бөлімінің сарбазы қатардағы жауынгер Мадияр Досболұлы өз аналарымен сахна төрінде қауышып, 10 күндік демалысқа жолдама алды. Сарбаздар үшін бұл ерекше тосын сый болды.
Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы
«Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметі


