Шымкент қаласының тұрғын үй басқармасында мемлекеттік қызметшілерге арналған ақпараттық-түсіндіру семинары ұйымдастырылды.
Іс-шараға Шымкент қаласы әкімі аппаратының Әдеп жөніндегі уәкілі Мұратжан Акишев, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаментінің бас маманы С. Забиров және Шымкент қаласының дін істері басқармасына қарасты «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ теолог маманы И. Айтаев қатысты.
Кездесу барысында мемлекеттік қызмет саласында зайырлылық қағидаттарын сақтау, әріптестерге діни наным-сенімдерін таңбауға, сондай-ақ қызметтік бағыныстағы азаматтарды діни бірлестіктердің қызметіне қатысуға мәжбүрлеуге жол бермеу мәселелері кеңінен түсіндірілді.
Сонымен қатар қоғамдағы діни тұрақтылықты сақтау, дәстүрлі рухани құндылықтарды дәріптеу және дін саласындағы заңнама талаптарын сақтау бағытында түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Қазақстан Республикасы — Ата заңымызға сәйкес өзгермейтін зайырлылық қағидаттарын ұстанатын демократиялық мемлекет. Осы орайда, мемлекеттік аппараттың ашықтығы, бейтараптығы және заң алдындағы жауапкершілігі ел дамуының басты кепілі болып табылады. Мемлекеттік қызметшілер қоғам мен билік арасындағы тікелей байланысты қамтамасыз ететіндіктен, олардың кәсіби әдеп нормаларын сақтауы, қызметтік міндеттерін атқару кезінде кез келген діни немесе идеологиялық ықпалдан тыс болуы заң талабы болып табылады.
Бүгінгі таңда елімізде мемлекеттік қызметшілердің Әдеп кодексінің талаптарын түсіндіру жұмыстары жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Мемлекеттік қызметтегі әдеп нормалары тек сыпайылық пен кәсібилікті ғана емес, сонымен бірге ұжым ішіндегі теңдікті, азаматтардың ар-ождан және діни сенім бостандығы құқықтарын құрметтеуді де қамтиды. Семинар барысында айтылғандай, өз лауазымдық өкілеттіктерін пайдалана отырып, бағынысты қызметкерлерге діни көзқарастарды таңбау немесе оларды белгілі бір діни шараларға мәжбүрлеп қатыстыру — заңнаманы өрескел бұзу болып есептеледі және мұндай әрекеттерге мүлдем жол берілмейді.
Тұрғын үй басқармасы секілді халықпен тығыз жұмыс істейтін ведомстволарда ішкі тұрақтылық пен заң үстемдігін сақтаудың маңызы зор. Дін істері басқармасы мен Мемлекеттік қызмет істері агенттігі мамандарының бірлескен бұл шарасы мемлекеттік қызметшілердің құқықтық сауаттылығын арттыруға зор септігін тигізеді. Дәстүрлі рухани құндылықтарды сақтай отырып, радикалды және деструктивті діни ағымдардың алдын алу, қоғамдағы конфессияаралық келісімді нығайту — тек сала мамандарының ғана емес, әрбір мемлекеттік қызметшінің азаматтық парызы. Осындай ақпараттық-түсіндіру жиындары мемлекеттік аппараттың тұтастығы мен елдегі ішкі тұрақтылықты сақтаудың басты тетігі болып қала бермек.






