ҚР ІІМ Бауыржан Момышұлы атындағы Оқу орталығында “Терроризмнің алдын алудағы мемлекеттік саясат” тақырыбында кездесу өтті.
Іс-шараның мақсаты – қоғамдағы тұрақтылықты сақтау, терроризм мен экстремизмнің алдын алу бағытындағы мемлекеттік саясатты түсіндіру, сондай-ақ сала мамандары арасында өзара пікір алмасу алаңын қалыптастыру.
Кездесуге:
— ҚР ІІМ Бауыржан Момышұлы атындағы Оқу орталығының бастығы, полиция полковнигі Алиев Асылбек Қадырұлы;
— отставкадағы полиция подполковнигі, ІІО ардагері, Мирас университеті Құқық секторының аға оқытушысы, заң ғылымдарының кандидаты Жақсылықов Нұржан Нұртазаұлы;
— Шымкент қаласы Еңбекші аудандық “Исамиддин баба” мешітінің бас имамы Орын Ербосын Бектұрсынұлы;
— Шымкент қаласы Дін істері басқармасы жанындағы “Дін мәселелерін зерттеу орталығы” КММ-нің теолог маманы Ұлықбек Алиакбарұлы қатысты.
Кездесу барысында терроризмнің алдын алу тетіктері, деструктивті діни ағымдардың ықпалына қарсы иммунитет қалыптастыру, құқықтық сауаттылықты арттыру және жастар арасында қауіпсіздік мәдениетін нығайту мәселелері талқыланды.
Қазіргі жаһандану дәуірінде экстремизм мен терроризмнің алдын алу мәселесі мемлекеттің ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі ең негізгі бағыттардың бірі болып табылады. Қазақстан Республикасында бұл бағытта жүргізіліп жатқан мемлекеттік саясат заң үстемдігін қорғауға, қоғамдық келісімді нығайтуға және азаматтардың қауіпсіздігін жоғары деңгейде қамтамасыз етуге бағытталған. Әсіресе, ішкі істер органдарының болашақ қызметкерлерін даярлайтын оқу орталықтарында мұндай тағылымды іс-шаралардың жиі ұйымдастырылуы — кәсіби және құқықтық деңгейі жоғары мамандарды тәрбиелеуге септігін тигізеді.
Бүгінгі таңда деструктивті ағымдардың насихаты дәстүрлі форматтан цифрлық кеңістікке, яғни әлеуметтік желілер мен түрлі мессенджерлерге белсенді түрде ауысты. Бұл тұрғыда мемлекет тарапынан жүзеге асырылып жатқан «Қазақстанның Киберқалқаны» секілді стратегиялық бастамалар ақпараттық қауіпсіздікті күшейтуде маңызды рөл атқаруда. Алайда, технологиялық қорғаныспен қатар, халықтың, соның ішінде жастар мен тәртіп сақшыларының діни және құқықтық сауаттылығын арттыру — экстремизм идеологиясына қарсы мықты ішкі иммунитет қалыптастырудың жалғыз тиімді жолы.
Жиын барысында дін мамандары мен заңгерлердің бірлесе пікір білдіруі — мәселенің тек құқықтық қана емес, сонымен бірге рухани-ағартушылық қырын да тереңірек талдауға мүмкіндік берді. Кездесуге қатысушылар деструктивті ағымдардың алдын алудағы ең басты тетік — отбасылық құндылықтарды дәріптеу, ұлттық салт-дәстүрді құрметтеу және жастар арасында сыни ойлау қабілетін дамыту екенін алға тартты. Оқу орталығында өткен бұл мазмұнды басқосу құқық қорғау жүйесінің өкілдері мен дінтанушы мамандар арасындағы тығыз іс-қимылды нығайтып, болашақта атқарылатын алдын алу жұмыстарының тиімділігін арттыра түспек.






