Шымкент қаласындағы «Саяси қуғын-сүргін құрбандары» музейінде «Азаттық таңын аңсаған Алаш арыстары» тақырыбында ұлт руханияты мен тарихи тағылымды арқау еткен мазмұнды кездесу өтті.
Тағылымды жиынның басты мақсаты – ел азаттығы жолында ғұмырын арнаған Алаш қайраткерлерінің асыл мұрасын насихаттап, өскелең ұрпақтың тарихи танымын тереңдету, ұлттық құндылықтар мен елдік рухты дәріптеу.
Кездесуге зиялы қауым өкілдері, этномәдени бірлестіктер жанындағы жастар, студенттер мен қоғам белсенділері қатысып, ұлт тарихындағы күрделі кезеңдер мен Алаш арыстарының тағдырлы жолы туралы ой өрбітті.
Жиын барысында Шымкент қалалық музейлер бірлестігінің “Саяси қуғын-сүргін құрбандары музейі” бөлімінің басшысы Біржан Әбдіманатұлы Әбдіқали, Ө.Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетінің “Тәрбие жұмысы және жастар саясаты” департаментінің басшысы, Шымкент қаласы ҚХА жанындағы Ғылыми-сарапшылық топтың жетекшісі Қайрат Сапарханұлы Анарбаев, Muzbalak.kz сайтының редакторы, журналист Базаркүл Ақынқызы Қалбыр және Ассамблея жастарының өкілдері баяндама жасап, Алаш идеясының өміршеңдігі мен ұлттық бірегейлікті сақтаудағы маңызына тоқталды.
ХХ ғасырдың басында қалыптасқан Алаш қозғалысы — тек саяси ұйым ғана емес, бұл қазақ халқының ұлттық сана-сезімінің оянуы мен мемлекеттілік негізінің қайта жаңғыру кезеңі. Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы бастаған зиялылардың басты мұраты — жердің тұтастығы, тілдің тазалығы және халықтың сауаттылығы болды. Сондықтан бүгінгі жас ұрпақ үшін Алаш арыстарының қалдырған асыл мұраларын зерделеу — мемлекетіміздің іргетасын бекемдеумен тең.
Шымкент қаласында өткен бұл шараның маңызы ерекше. Себебі, Оңтүстік өңірінде де кезінде саяси қуғын-сүргінге ұшырап, жазықсыз жапа шеккен мыңдаған ұлт зиялылары мен қарапайым еңбек адамдары болды. «Саяси қуғын-сүргін құрбандары» музейі қабырғасында өткен жиын жастарға сол нәубет жылдардың қасіретін тереңірек сезінуге мүмкіндік берді.
Бүгінгі таңда елімізде жас буынның бойында отаншылдық рухты қалыптастыру, тарихи әділдікті орнату және ұлттық бірегейлікті сақтау бағытында ауқымды жұмыстар атқарылуда. Қазақстан халқы Ассамблеясы жастары мен студенттердің бұл тақырыпқа қызығушылық танытуы — қоғамда тарихи сананың қайта жаңғырып жатқанының айқын дәлелі. Мамандардың айтуынша, мұндай рухани кездесулер жастарды мемлекетшілдікке, еңбекқорлыққа және білімге құштарлыққа тәрбиелейді. Алаш арыстарының «Өз күшіне сенген халық қана тәуелсіздігін сақтай алады» деген қағидасы бүгінгі Тәуелсіз Қазақстанның әрбір азаматы үшін басты бағдаршам болуы тиіс.
Кездесу соңында қатысушылар пікір алмасып, ел тарихындағы тағылымды кезеңдер мен ұлт руханияты төңірегінде мазмұнды ой бөлісті.






