Қоғамдағы кез келген дау мен жанжалдың сотқа дейін немесе сот барысында өзара келісім арқылы шешілуі – өркениетті елдердің құқықтық мәдениетінің маңызды көрсеткіші. Бүгінде сот жүйесінде тараптарды татуластыру рәсімдеріне басымдық беріліп, азаматтар арасындағы дауларды бейбіт жолмен шешудің тиімді тетіктері кеңінен қолданылып келеді. Бұл – сот жүктемесін азайтып қана қоймай, азаматтар арасындағы қарым-қатынасты сақтауға, қоғамдағы тұрақтылық пен бірлікті нығайтуға ықпал ететін маңызды институт.
Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасында татуластыру рәсімдеріне ерекше мән берілген. Атап айтқанда, медиация, партисипативтік рәсім және бітімгершілік келісім арқылы дауларды шешу мүмкіндігі қарастырылған. Мұндай тәсілдер тараптарға ұзақ уақытқа созылатын даулардан арылып, ортақ мәмілеге келуге жол ашады.
Татуластыру рәсімдерінің басты артықшылығы – тараптардың өзара түсіністікке келуі. Көп жағдайда азаматтар эмоцияға беріліп, мәселені ушықтырып алады. Ал келіссөз жүргізу арқылы дауласушы тараптар бір-бірінің уәжін тыңдап, тиімді шешім қабылдауға мүмкіндік алады. Бұл әсіресе отбасы, еңбек, азаматтық және көршілер арасындағы дауларда өте маңызды.
Қазақ халқы ежелден дау-дамайды бітіммен шешуге ерекше мән берген. «Дау мұраты – бітім» деген ұғым халқымыздың құқықтық санасында терең орныққан. Би-шешендер ел арасындағы дауларды әділ сөзбен, мәмілемен шешіп отырған. Бүгінгі татуластыру рәсімдері де осы ұлттық құндылықтармен үндесіп жатыр.
Сот тәжірибесінде де татуласу арқылы аяқталатын істердің саны артып келеді. Бұл азаматтардың құқықтық сауатының өсіп келе жатқанын және қоғамда өзара келісім мәдениетінің қалыптасып отырғанын көрсетеді. Әсіресе медиация институтының дамуы көптеген дауларды сотқа жеткізбей шешуге мүмкіндік беруде.
Татуластыру рәсімдері тек уақыт пен қаржыны үнемдеп қана қоймайды. Ең бастысы – адамдар арасындағы сыйластықты сақтайды. Себебі сот шешімі бір тараптың пайдасына шыққанымен, екінші тараптың көңілінде реніш қалуы мүмкін. Ал өзара келісім арқылы қабылданған шешім екі жаққа да тиімді болады.
Қазіргі таңда соттарда татуластыру рәсімдерін кеңінен насихаттау және азаматтарға оның тиімділігін түсіндіру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Себебі қоғамдағы тұрақтылық пен татулық ең алдымен адамдардың бір-бірімен түсінісе білуінен басталады.
Татуласу – әлсіздіктің емес, парасаттылықтың белгісі. Сондықтан кез келген дауды өршітпей, өзара келісім арқылы шешуге ұмтылу – құқықтық мәдениеттің көрінісі әрі қоғам тыныштығының кепілі.
С.АЯПОВ,
Түркістан облысы
Арыс аудандық сотының судьясы.






