Түркістанда Кәсіпкерлердің құқығын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл кеңесінің кезекті отырысы өтті. Бірлескен отырыс барысында өңір кәсіпкерлерін алаңдатқан өзекті мәселелер ашық талқыланды. Әсіресе ауыл шаруашылығы саласындағы субсидияларды қайтару дауы мен шетелдік жұмыс күшін тартудағы әкімшілік кедергілер кеңінен талқыланды. Кәсіпкерлер палатасының мәліметінше, бүгінгі таңда Түркістан облысының соттарында мемлекеттен берілген субсидияларды қайтаруға қатысты 1000-нан астам азаматтық іс қаралуда. Бұл жағдай мәселенің маңызды екенін аңғартады.
Талдау нәтижелері көрсеткендей, түйткілдің негізгі себебі – ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің 2019 жылғы №108 бұйрығында көзделген талаптардың тиісті деңгейде орындалмауы. Атап айтқанда, аудандық ауыл шаруашылығы бөлімдері субсидияланған мал басының сақталуына тоқсан сайын мониторинг жүргізуі тиіс болғанымен, бұл талап аудандық ауыл шаруашылығы бөлімдерімен тиісті деңгейде орындалмаған. Соның салдарынан кәсіпкерлер бірнеше жылдан кейін ғана “міндеттемені бұзды” деген талаппен сотқа тартылып отыр. Кей жағдайларда мониторинг тек прокуратура ұсынысынан кейін жүргізілгені белгілі болды. Ал кейбір істерде мемлекеттік органдар кәсіпкерлер ұсынған дәлелдерді толық зерделеместен сотқа талап арызбен жүгінген.
Мысалы, Келес ауданында 2021–2024 жылдары 227 миллион теңгеден астам субсидия беріліп, оның 103 миллион теңгеден астамы қайтаруға жатқызылған. Алайда, бұл шешімдердің бір бөлігі жеткілікті тексерусіз қабылданғаны айтылды. Тіпті нақты деректер сәйкес келген жағдайлардың өзінде кәсіпкерлер сот дауына тартылған.
Осы мәселеге қатысты Түркістан облысы Кәсіпкерлер палатасының Кәсіпкерлердің құқығын қорғау және әкімшілік кедергілерді төмендету бөлімінің жетекші сарапшысы Сержан Сартбаев мемлекеттік органдар тарапынан кеткен олқылықтарға назар аударды:
«Біздің талдау көрсеткендей, кейбір жағдайларда мониторинг уақытында жүргізілмеген, ал кәсіпкерлердің деректері толық тексерілмей, сотқа талап арыздар жолданған. Бұл кәсіпкерлерді негізсіз дауларға тартып, олардың жұмысына кедергі келтіруде» – деді ол.
Мұндай әрекеттер бизнес өкілдерінің қаржылық жағдайына кері әсер етіп қана қоймай, олардың жоспарларын тежеп, қосымша шығындарға ұшыратуда.
Жиында мемлекеттік органдардың жауапкершілігі де сынға алынды. Кәсіпкерлер палатасы жүргізген талдау барысында бірқатар аудандық прокуратуралар мен ауыл шаруашылығы бөлімдері ресми сұраныстарға уақытылы жауап бермегені анықталған. Ал қолданыстағы заңнамаға сәйкес, мұндай сұраныстарға 15–30 жұмыс күні ішінде жауап берілуі тиіс. Осы негізде, ақпараттың толық ұсынылмауы салдарынан мәселені жан-жақты және толыққанды зерделеу мүмкін болмаған.
Күн тәртібіндегі тағы бір маңызды мәселе – шетелдік жұмыс күшін тарту барысында туындайтын қиындықтар. Кәсіпкерлердің айтуынша, визалар мен уақытша тұруға рұқсаттарды рәсімдеу мерзімі заңда көрсетілген 5–10 күннің орнына бірнеше аптаға, тіпті айларға созылады. Бұған құжаттарды келісу процесінің ұзақтығы, жауапты мамандар санының аздығы және әкімшілік рәсімдердің күрделілігі себеп болып отыр. Сонымен қатар, кей жағдайларда өтінім тапсырылғанын растайтын құжат берілмейтіні, төлем жасалғанына қарамастан қосымша талаптар қойылатыны айтылды.
Бұл мәселеге байланысты Адами капиталды дамыту бөлімінің басшысы Әзірет Ыдырыс өз пікірін білдірді:
«Шетелдік жұмыс күшін тарту рәсімдерінің созылуы өңірдің инвестициялық тартымдылығына тікелей әсер етеді. Кәсіпкерлер нақты мерзім мен түсінікті рәсімдерді күтеді. Сондықтан бұл процестерді жеңілдетіп, ашық әрі тиімді ету қажет» – деді ол.
Өңірде көші-қон қызметінің бірқатар функцияларының Шымкент қаласында шоғырлануы да кәсіпкерлер үшін қосымша қиындық туғызуда. Байланыс орнатудың қиындығы мен кадр тапшылығы рәсімдердің созылуына әкеліп, инвестициялық жобалардың уақытылы жүзеге асуына кедергі келтіруде. Кәсіпкерлер мұндай жағдайлар әкімшілік процестердің ашықтығына күмән тудырып, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін арттыруы мүмкін екенін жеткізді.
Жиын қорытындысы бойынша кәсіпкерлер палатасы бірқатар нақты ұсыныстар білдірді. Атап айтқанда, ауыл шаруашылығы саласында мониторинг жүргізу тәртібін қатаң бақылау, мемлекеттік органдардың жауапкершілігін арттыру, көші-қон қызметін өңір деңгейінде күшейту, қызмет көрсету мерзімдерін қысқарту, “бір терезе” қағидатын енгізу және инвестициялық жобалар үшін “жасыл дәліз” механизмін тиімді іске асыру қажеттігі айтылды.
Жалпы, кеңес отырысында көтерілген мәселелер мемлекеттік органдар мен бизнес арасындағы өзара іс-қимылда жүйелі проблемалардың бар екенін көрсетті. Сарапшылардың пікірінше, егер бұл түйткілдер жедел шешілмесе, кәсіпкерлердің сенімі төмендеп, өңірдің инвестициялық тартымдылығына кері әсер етуі мүмкін.





