
Бүгін Түркістан қаласында Қырғыз Республикасынан келген делегация Түркістан облысы Кәсіпкерлер палатасының қызметімен танысты. Кездесу Палата ғимаратында өтіп, өңірдің инвестициялық әлеуеті мен кәсіпкерлікті дамыту бағыттары жан-жақты талқыланды.
Іс-шара барысында қатысушыларға өңірдің инвестициялық мүмкіндіктері, мемлекеттік органдар мен бизнес қауымдастық арасындағы өзара іс-қимыл құралдары, сондай-ақ кәсіпкерлерді қолдауға бағытталған жүйелі шаралар таныстырылды. Сонымен қатар, инвестициялық жобаларды сүйемелдеу тәжірибесі мен жүзеге асырылып жатқан бастамалар туралы кеңінен ақпарат берілді.
Іс-шара барысында Түркістан облысы Кәсіпкерлер палатасы директорының Шағын кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі орынбасары Ербол Әуелбеков өңірдегі кәсіпкерлік ахуал мен инвестициялық мүмкіндіктер туралы түсіндіріп өтті. Ол өңірде бизнеске қолайлы орта қалыптасқанын және кәсіпкерлік бастамаларды қолдау бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатқанын атап өтті.
Сондай-ақ, Салалық даму және инвестициялық жобаларды сүйемелдеу бөлімінің басшысы Гүлназ Есетова Түркістан облысының инвестициялық әлеуетіне тоқталып: «Түркістан облысы – географиялық орналасуы, инфрақұрылымдық мүмкіндіктері және мемлекеттік қолдау шаралары тұрғысынан инвесторлар үшін тартымды өңір. Біз әрбір инвестициялық жобаны жан-жақты сүйемелдеп, оның жүзеге асуына дейінгі барлық кезеңде қолдау көрсетеміз», – деп атап өтті.
Сапар бағдарламасы аясында делегация Түркістан облысындағы шағын өнеркәсіп паркімен танысып, бірқатар өндіріс орындарын аралады. Атап айтқанда:
– «JASYL SUYQ QAZAQSTAN» ЖШС-інде тоңазытқыш жабдықтарын өндіру процесін,
– «BNK Group Ltd» компаниясында инновациялық капсулалық үйлер өндірісін,
– «Ақниет Holding» мекемесінде жиһаз өндірісін көріп шықты.
Аталған өндіріс алаңдары өңірде шағын және орта бизнесті дамытуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және жергілікті өндірісті қолдауға бағытталған маңызды жобалар ретінде таныстырылды.
Кездесу барысында ұлттық деңгейдегі бизнес-диалог алаңы саналатын «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының инвестиция тарту және кәсіпкерлер мүддесін қорғаудағы рөлі ерекше атап өтілді.
Жалпы сапар екіжақты тәжірибе алмасуға, өңіраралық экономикалық байланыстарды нығайтуға және инвестициялық ынтымақтастықты кеңейтуге бағытталған маңызды алаңға айналды.




