Сыбайлас жемқорлық – қоғам дамуына кедергі келтіретін, мемлекетке деген сенімді әлсірететін келеңсіз құбылыстардың бірі. Ол әділдік пен заң үстемдігі қағидаттарына нұқсан келтіріп, азаматтардың құқықтары мен мүдделерінің қорғалуына кері әсерін тигізеді. Сондықтан жемқорлыққа қарсы күрес тек мемлекеттік органдардың ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті болып табылады.
Бүгінде елімізде сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Мемлекет тарапынан заңнамалар жетілдіріліп, ашықтық пен әділдік қағидаттарын нығайтуға ерекше назар аударылуда. Бұл бағыттағы басты мақсат – қоғамда жемқорлыққа мүлдем төзбеушілік мәдениетін қалыптастыру.
Сот жүйесінде де бұл мәселе үнемі назарда. Сот билігінің негізгі міндеті – заң талаптарын қатаң сақтай отырып, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау, әділдік пен заң үстемдігін қамтамасыз ету. Соттардың қызметі ашықтық пен жариялылық қағидаттарына негізделіп, әрбір іс заң талаптарына сәйкес қаралады.
Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу үшін ең алдымен заң талаптарын мүлтіксіз сақтау, қызметтік міндеттерді адал әрі жауапкершілікпен орындау маңызды. Әрбір мемлекеттік қызметші өз ісіне үлкен жауапкершілікпен қарап, қоғам сенімін ақтауы тиіс. Сонымен қатар азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыру да жемқорлықтың алдын алуда маңызды рөл атқарады.
Жемқорлыққа қарсы күрестің тиімді болуы – қоғамның белсенділігіне де байланысты. Әрбір азамат заңдылықты сақтап, әділдік қағидаттарын қолдап, қоғамда адалдық пен тазалықтың орнығуына үлес қосуы қажет.
Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу – елдің тұрақты дамуы мен әділетті қоғам қалыптастырудың маңызды шарты. Сондықтан заң талаптарын сақтау, адал еңбек ету және қоғамда жемқорлыққа төзбеушілік мәдениетін қалыптастыру – баршамыздың ортақ міндетіміз.
Қ.КЕМЕЛБЕКОВ,
Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының сот приставы.




