Қазақстан Республикасындағы Әскери соттар — заң үстемдігін, әскери тәртіп пен әділ сот төрелігін қамтамасыз ететін мемлекеттік биліктің маңызды тармағы. Осы жүйенің ажырамас бөлігі болып табылатын Шымкент гарнизонының Әскери соты жарты ғасырдан астам уақыт бойы заңдылық пен әділет қағидаттарына адал қызмет етіп келеді.
Қалыптасу кезеңі
Шымкент гарнизоны Әскери сотының тарихы 1971 жылдың қараша айынан бастау алады. Ол кезде ҚСРО Қорғаныс министрлігінің директивасына сәйкес Чимкент гарнизонының әскери трибуналы құрылып, Шымкент қаласындағы Оңтүстік Қазақстан облыстық әскери комиссариаты ғимаратында орналасты.
Әскери трибуналдың алғашқы төрағасы болып әділет подполковнигі И.В.Поздняков тағайындалып, алғашқы жылдары сот құрамында тәжірибелі әскери заңгерлер қызмет атқарды. Әр кезеңде трибуналға жетекшілік еткен төрағалар мен судьялар әскери заңдылықты нығайтуға елеулі үлес қосып келеді.Тәуелсіздік және жаңғыру
Еліміздің тәуелсіздік алуымен бірге сот жүйесінде де түбегейлі өзгерістер орын алды. 1992 жылғы 15 шілдедегі және 18 қыркүйектегі Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесі Президиумының қаулыларына, сондай-ақ Қорғаныс министрлігінің директивасына сәйкес, Чимкент гарнизонының әскери трибуналы Шымкент гарнизонының Әскери соты болып қайта құрылды.
Бұл кезең әскери соттың ұлттық құқықтық жүйеге толыққанды кіріуімен, сот төрелігін жүзеге асырудың жаңа қағидаттарын енгізумен ерекшеленді. 1990–2000 жылдары сотты басқарған төрағалар мен судьялар кәсіби сабақтастықты сақтай отырып, сот беделін арттыруға күш салды.
Даму мен жетістіктер
2000 жылдардан бастап Шымкент гарнизонының Әскери соты тұрақты даму жолына түсті. Сот төрағалары мен судьяларының кәсіби біліктілігі, істерді сапалы әрі уақтылы қарау нәтижесінде сот қызметінің тиімділігі артты.
2011 жылдың қорытындысы бойынша Шымкент гарнизонының Әскери соты Қазақстан Республикасы әскери соттарының арасында үздік деп танылып, бірінші орынды иеленуі – ұжым еңбегінің айқын дәлелі.
Кейінгі жылдары сотты басқарған Ғ.Мынбатыров, Б.Кәрім, ал 2023 жылдан бастап Ә.Джанасов сот қызметін заманауи талаптарға сай ұйымдастыруға баса мән берді. 2025 жылы судьялық құрам жас әрі білікті кадрмен толықты.
Бүгінгі келбетІ
Қазіргі уақытта Шымкент гарнизонының Әскери соты төраға мен 3судьядан, сондай-ақ 9 мемлекеттік әкімшілік қызметкерден тұратын кәсіби ұжым ретінде қызмет атқаруда. Сот қылмыстық, азаматтық және әкімшілік істерді қарай отырып, Шымкент қаласы мен Түркістан, Жамбыл, Қызылорда облыстары аумағында әскери әділеттілікті қамтамасыз етеді.
2025 жылғы 30 сәуірден бастап сот жаңа ғимаратқа қоныстанып, бұл да сот қызметінің ашықтығы мен қолжетімділігін арттыруға бағытталған маңызды қадам болды.
Өткенге көз жүгіртсек, Шымкент гарнизонының Әскери соты — бұл тек мекеме тарихы ғана емес, бұл заңға адалдықтың, кәсіби жауапкершіліктің және мемлекет мүддесіне қалтқысыз қызмет етудің шежіресі.
Әскери соттардың 30 жылдық мерейтойы — ұрпақтар сабақтастығының, қалыптасқан дәстүр мен жаңашылдықтың үйлесімін айғақтайтын маңызды белес. Алдағы уақытта да Шымкент гарнизонының Әскери соты әділдік пен заң үстемдігін қамтамасыз ету жолындағы өз миссиясын абыроймен атқара беретініне сеніміміз мол.
Г.УСМАНОВА,
Шымкент гарнизоны Әскери сотының судьясы.






