
Түркістан облысында Өңірлік кәсіпкерлер палатасының қолдауымен және Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетімен бірлесіп «Жеміс ағаштарын кесу және қалыптастыру» тақырыбында ғылыми-практикалық семинар өтуде.
Аталған семинардың басты мақсаты – отандық бағбаншылық саласында ғылыми тәсілдерді кеңінен енгізу, аграрлық кадрлардың біліктілігін арттыру және өндіріс пен ғылым арасындағы байланысты нығайту.
Семинар жұмысына Түркия Республикасынан арнайы келген Эгирдир–Ыспарта жемістерді ғылыми-зерттеу институтының жетекші ғалымдары — докторлар Исмайл Демирташ пен Өмер Фарук Карамерсель, сондай-ақ «Яссауи» ғылым тарату орталығының директоры Нұрлыбек Боранбаев қатысып, жеміс ағаштарын кесу, тәж қалыптастыру және өнімділікті арттыру бойынша озық тәжірибелерімен бөлісті.
Іс-шара барысында шаруалар, университет студенттері және Dala Fruit компаниясының қызметкерлері алма ағаштарын санитарлық қырқу мен дұрыс қалыптастыру бойынша өндірістік бағында тәжірибелік оқытудан өтті.
Сонымен қатар, семинар аясында Шымкент қаласындағы агрохимиялық зертхананың мамандары топырақ құнарлылығын арттыру, өсімдікті дұрыс қоректендіру және тыңайтқыштарды тиімді пайдалану мәселелері бойынша тәжірибелік ұсынымдар берді.
Өндірістік алаңда өткен практикалық сабақтар барысында қатысушылар ағаш өнімділігін арттыру, аурулардың алдын алу және ұзақ мерзімді өнім алу тәсілдерін нақты тәжірибе арқылы меңгерді.
Түркістан облысы кәсіпкерлер палатасының өкілі Нұрлыбек Боранбаев семинардың маңыздылығына тоқталып:
«Мұндай семинарлар – фермерлер үшін тек теориялық білім емес, нақты өндірісте қолданылатын практикалық дағдыларды меңгеруге үлкен мүмкіндік. Ғылым мен бизнестің осындай өзара ықпалдастығы өңірдегі бағбаншылық саласының бәсекеге қабілеттілігін арттырады», – деді.
Айта кету керек, мұндай іс-шаралар агроөнеркәсіп кешенін дамытуға, кәсіби кадрлар даярлауға және отандық өнімнің сапасын арттыруға бағытталған маңызды алаң болып табылады.




