


Бүгін Түркістан облысы кәсіпкерлер палатасының директоры Ибадуллаев Асылан, Өңірлік кеңес мүшесі Мадина Исламқызы және Бәйдібек, Отырар аудандарының кәсіпкерлерімен бірлесіп Сарыағаш ауданындағы жылыжай шаруашылықтарының жұмысымен танысты.
Іссапар аясында жылыжай саласын дамытуға бағытталған B2B форматындағы кездесулер бағдарламасы жүзеге асырылды. Бағдарламаға сәйкес қатысушылар бірқатар өндірістік нысандарды аралап, кәсіпкерлердің тәжірибесімен танысты.
Алдымен Қазығұрт ауданында орналасқан ЖК «Алжанов» көкөніс сақтау қоймасы қаралды. Кейін Сарыағаш ауданына өтіп, гүлдер мен көшеттер өсіретін «Агро Тур» шаруа қожалығының жылыжай кешеніне барды. Сонымен қатар қияр, қызанақ және лимон өсіретін «Жабай-ата» ШҚ мен құлпынай өндіруге маманданған «Ашрафи» ШҚ жылыжай кешендерінің қызметі таныстырылды.
Кездесу барысында жылыжай шаруашылығын дамыту, өнімді сақтау және өткізу тетіктері, сондай-ақ қаржыландыру мәселелері кеңінен талқыланды. Кәсіпкерлер өз ұсыныстарын білдіріп, саланы дамытудағы өзекті мәселелерді ортаға салды.
Палата директоры Асылан Ибадуллаев жылыжай шаруашылығының өңір экономикасындағы маңызын атап өтіп, кәсіпкерлерді қолдауға бағытталған жаңа бастамалар туралы хабардар етті:
«Сарыағаш ауданы жылыжай шаруашылығын дамытуға үлкен әлеуетке ие. Басты міндет – өндірілген өнімді сақтау және өткізу инфрақұрылымын жүйелі түрде дамыту. Осы бағытта өңірде жаңа “Іскер аймақ” бағдарламасын іске асыру жоспарланып отыр. Аталған бағдарлама кәсіпкерлерге инфрақұрылымдық қолдау көрсетіп, инвестициялық жобаларды тиімді жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Кәсіпкерлер палатасы бұл бастаманы сүйемелдеуге және қаржыландыру тетіктерінің қолжетімді болуына ықпал етуге дайын», – деді ол.
Жеміс және көкөніс сақтау қоймасы жобасы
Іссапар аясында «Жабай ата» шаруа қожалығы бастамашы болып отырған жеміс және көкөніс сақтау қоймасы жобасына ерекше назар аударылды. Жобаның жалпы құны – 1 млрд 313 млн теңге. Қойма кешенінің маусымдық қуаттылығы 2 000 тонна өнімді сақтауға мүмкіндік береді. Жоба іске қосылған жағдайда 30 жаңа жұмыс орны ашылады.
Аталған нысан Сарыағаш ауданы, Қабланбек ауылдық округінде орналасады, жер көлемі – 1 гектар. Жобаны жүзеге асыру мерзімі 2025–2026 жылдарға жоспарланған. Қазіргі таңда жер теліміне қатысты барлық құжаттар рәсімделген, сондай-ақ «Түркістан» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы арқылы 1,3 млрд теңге көлемінде жеңілдетілген несие алу үшін құжаттар жинақталуда.
Кәсіпкерлер тарапынан негізгі түйінді мәселе ретінде жобаны төмен пайызды несие арқылы қаржыландыру қажеттігі көтерілді.




