Қазіргі қоғамда дау-дамайлардың туындауы – табиғи құбылыс. Алайда кез келген дауды тек сот шешімі арқылы ғана емес, тараптардың өзара келісімі негізінде бейбіт жолмен реттеу де – өркениетті қоғамға тән құндылық. Осы тұрғыда медиация институты сот төрелігінің тиімді әрі маңызды құрамдас бөлігіне айналып отыр.
Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес медиация – тараптардың ерікті келісімімен, бейтарап медиатордың көмегі арқылы дауды сотқа дейін немесе сот барысында шешуге бағытталған рәсім. Бұл институт азаматтық, отбасылық, еңбек және кейбір қылмыстық істер бойынша кеңінен қолданылуда.
Медиацияның басты ерекшелігі – тараптардың мүддесін барынша ескере отырып, дауды өзара келісім арқылы шешуінде. Судья ретінде тәжірибеде көз жеткізіп жүргеніміздей, медиация:
уақытты үнемдейді;
қаржылық шығынды азайтады;
тараптар арасындағы қарым-қатынасты сақтауға мүмкіндік береді;
дау-жанжалдың ушығуына жол бермейді;
сот жүктемесін азайтады.
Ең бастысы – медиация нәтижесінде қабылданған шешім тараптардың өз еркімен жасалғандықтан, ол ұзақ мерзімді әрі тұрақты болады.
Сот ісін жүргізу барысында судья тараптарға медиация тәртібін түсіндіруге, оны қолдану мүмкіндігін ұсынуға міндетті. Бұл – соттың бейтараптығын бұзбай, тараптардың құқықтарын толық іске асыруына жағдай жасауының көрінісі.
Медиация рәсімі сотқа дейін де, сот процесі кезінде де қолданылуы мүмкін. Егер тараптар келісімге келсе, сот істі тоқтатып, медиациялық келісімді бекітеді. Бұл – сот шешімімен тең заңды күші бар құжат.
Медиация институты қоғамда татуласу мәдениетін қалыптастыруға ықпал етеді. Дауды күшпен немесе ұзақ сот процесі арқылы емес, диалог пен өзара түсіністік арқылы шешу – құқықтық мәдениеттің жоғары деңгейін көрсетеді.
Судья үшін басты мақсат – тек шешім шығару емес, әділдікті орнату. Ал әділдік кей жағдайда тараптардың өзара келісімге келуі арқылы әлдеқайда тиімді жүзеге асады.
Медиация қоғамдағы әлеуметтік шиеленісті азайтып, азаматтардың сот жүйесіне деген сенімін арттырады. Бұл – соттың тек жазалаушы емес, қоғамдағы бейбітшілік пен тұрақтылықты қамтамасыз ететін институт екенін айқындайды.
Дауды медиация тәртібімен реттеу – уақыт талабы. Бұл рәсім азаматтардың құқықтарын тиімді қорғауға, сот төрелігін жеделдетуге және қоғамда татулық пен келісімді нығайтуға бағытталған.
Келісім – ең әділ шешім, ал медиация – сол келісімге апарар сенімді жол. Тараптардың өзара түсіністігі мен заң талаптарының үйлесуі арқылы ғана әділ әрі тұрақты шешімге қол жеткізуге болады.
С.СЕЙТЖАНҰЛЫ,
Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты төрағасының міндетін атқарушы.






