


Бүгін Палата директоры мен салалық мамандар Түркістан облысы, Сауран ауданы, Бабайқорған ауылдық округінде орналасқан «Мырзахан» шаруа қожалығына жұмыс сапарымен барды.
Сапар барысында қожалықта іске асырылып жатқан бірқатар өндірістік жобалар қаралды. Атап айтқанда, мал бордақылау алаңы, құрама жем-шөп өндіру, сүт фермасын салу жұмыстары және тері өңдейтін зауыттың құрылысы басталған.
Палата өкілдері кәсіпкерлік нысандардың қазіргі жай-күйімен танысып, жобаларды іске асыру барысында туындап отырған проблемалық мәселелерді анықтады. Кәсіп иесі тарапынан инфрақұрылым, қаржыландыру және өндірістік процестерге қатысты бірқатар сұрақтар көтерілді. Аталған мәселелерді шешу бойынша тиісті ұсыныстар мен қолдау тетіктері талқыланды.
Палата директоры Асылан Ибадуллаев жобаның маңыздылығына тоқталып өтті:
«Мұндай өндірістік жобалар ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеуді дамытуға және өңірде жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді. Палата тарапынан кәсіпкерлерге сүйемелдеу көрсету, проблемалық мәселелерді уәкілетті органдармен бірлесіп шешу жұмыстары жалғаса береді», – деді Палата директоры.
Сонымен қатар, «Мырзахан» шаруа қожалығы жүзеге асырып жатқан ірі инвестициялық жоба – тері өңдеу зауытының жобасы таныстырылды.
Жоба туралы мәлімет:
• Жоба атауы: Тері өңдеу зауыты
• Жоба құны: 1,8 млрд теңге
• Жобаның қуаттылығы: тәулігіне 5 000 кг
• Жаңа жұмыс орындары: 60 адам
• Орналасқан жері: Түркістан облысы, Сауран ауданы, Бабайқорған ауылдық округі
• Іске асыру мерзімі: 2025–2026 жылдар
Палата тарапынан жобаның өңір экономикасына қосатын үлесі жоғары екені атап өтіліп, кәсіпкерге заңнамалық, консультациялық және институционалдық қолдау көрсету жұмыстары жалғасатыны жеткізілді.


