Сапар аясында АҚШ Президенті Дональд Трамптың бастамасымен құрылған Бейбітшілік кеңесінің Жарғысына қол қою рәсімі өтті.
Аталған рәсім барысында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Бейбітшілік кеңесінің Жарғысына қол қойды. Бұл қадам Қазақстанның жаһандық тұрақтылық пен халықаралық қауіпсіздікті нығайтуға бағытталған бастамаларды қолдайтынын айғақтайды.
Давоста өткен рәсім кезінде бірқатар бұқаралық ақпарат құралдары Мемлекет басшысы мен Америка Құрама Штаттарының Президенті Дональд Трамп арасында болған қысқаша әңгімеге қатысты сауал жолдады. Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, Давос форумында таратылған «Президент Дональд Трамптың 365 күн ішіндегі 365 жеңісі» атты ресми құжаттың 177-тармағында Қазақстанның Ибраһим келісімдеріне қосылғаны маңызды жетістік ретінде атап өтілген.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы Дональд Трампқа ақыл-парасатқа негізделген ішкі саясатты жүзеге асыру жолында табыс тіледі. Өз кезегінде АҚШ Президенті Бейбітшілік кеңесін құру бастамасына қолдау білдіргені үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс айтты.
Бұл кездесу мен қол қойылған құжаттар Қазақстан мен АҚШ арасындағы өзара түсіністік пен халықаралық ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға бағытталған маңызды қадам ретінде бағаланады.






