


Бүгін Түркістан облысының кәсіпкерлер палатасында «Тауар өндірушілердің жаңа тізіліміне (e-Ondiris) көшу және индустриялық сертификаттардың күшін жою» тақырыбында ақпараттық семинар өтті. Іс-шара отандық тауар өндірушілер үшін өзекті өзгерістерді түсіндіруге және жаңа цифрлық талаптарға бейімделуге бағытталды.
Семинар барысында қатысушыларға индустриялық сертификат жүйесінен тауар өндірушілердің жаңа тізіліміне кезең-кезеңімен көшу тәртібі, жол картасының негізгі талаптары мен белгіленген мерзімдері кеңінен түсіндірілді. Сонымен қатар e-Ondiris порталында мәліметтерді жаңарту алгоритмі, кәсіпорын деректерін дұрыс енгізу және отандық өндіруші мәртебесін растау тетіктері талқыланды.
Іс-шарада «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы тарапынан көрсетілетін әдістемелік және консультациялық қолдау шараларына да ерекше назар аударылды. Кәсіпкерлер жаңа тізілімге енгізілу арқылы мемлекеттік қолдау шараларына, отандық тауар өндірушілерге арналған сатып алуларға және бірқатар жеңілдіктерге қол жеткізу мүмкіндіктері туралы ақпарат алды.
Семинар соңында қатысушылар өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, нақты жағдайлар бойынша түсіндірмелер алды. Мамандардың айтуынша, e-Ondiris жүйесіне көшу – отандық өндірісті қолдауды цифрландыруға бағытталған маңызды қадам, ал мұндай ақпараттық кездесулер кәсіпкерлердің жаңа талаптарға уақтылы және дұрыс бейімделуіне мүмкіндік береді.





