


Түркістан облысы – республика аумағында аграрлық саласы қарқынды дамып келе жатқан жетекші өңірлердің бірі. Аймақтағы суармалы егістік жерлердің жалпы аумағы 575 мың гектарды құрайды. Бұл көрсеткіш елдегі барлық суармалы алқаптардың шамамен төрттен біріне тең. Сондықтан өңірді суармалы сумен үздіксіз әрі тиімді қамтамасыз ету мәселесі аса маңызды саналады.
Трансшекаралық су ресурстары аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуы мен ауыл шаруашылығы өндірісінің тұрақтылығын қамтамасыз етудегі маңызды факторлардың бірі болып табылады.
Бұл тұрғыда «Достық» магистральдық каналы айрықша маңызға ие. Аталған су арнасы арқылы Түркістан облысының оңтүстік бөлігіндегі аудандарда 140 мың гектардан астам ауыл шаруашылығы алқабы сумен қамтамасыз етіледі. Вегетациялық кезең кезінде каналдар арқылы судың қажетті көлемде дер кезінде жеткізілуі өңірдің егін шаруашылығы үшін басты шарттардың бірі болып табылады.
Міне, осы мәселелер Түркістан қаласында өткен Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы су қатынастарына арналған жиында Өзбекстан Республикасы Су шаруашылығы министрі Шавкат Хамраев, Қазақстан Республикасы Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов пен Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің қатысуымен жан-жақты талқыланды.
Кездесу барысында екі ел арасындағы су және су-энергетикалық ынтымақтастықты нығайту, трансшекаралық су көздерін тиімді пайдалану және «Достық» магистральдық каналын тазалау мен жөндеу мәселелері қаралды.
Тараптар сондай-ақ су үнемдеу технологияларын енгізу және пайдалану саласында тәжірибе алмасуға келісті.
Бұл бағыттағы жұмыстар халық қалаулыларының назарынан да тыс қалмаған. Мәслихат депутаттары Жетісай мен Мақтаарал аудандарында сала мамандарының, шаруалардың қатысуымен кездесулер өткізіп, каналдардың жай-күйімен танысты.
Мақсат – жазғы су тапшылығының алдын алу, каналдардың жай-күйін бақылау және сор шаю жұмыстарын уақытылы ұйымдастыру.
Атап айтқанда, Жетісай ауданында аудандық мәслихат төрағасы Медет Қасымов «Достық» мемлекетаралық магистральдық каналынан тарайтын К-21 және К-21-4 каналдарының жағдайымен танысып, тиісті түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Бұл каналдар арқылы Жаңа ауыл және Жылы су ауылдық округтеріндегі егістік алқаптар суарылады. Қазіргі таңда «Достық» каналында жеткілікті көлемде су болғанымен, қысқы сор шаю мақсатында шаруалар тарапынан сұраныстың төмен екені байқалған.
Осыған байланысты шаруаларға «Достық» каналы арқылы келетін суды тиімді пайдалану, «ҚазСушар» РМК-мен келісім-шарттарды дер кезінде рәсімдеу және сор шаю жұмыстарын жандандыру қажеттігі түсіндірілді.
Сонымен қатар, К-21-4 каналына насос орнату, коллекторларды механикалық тазалау мәселелері де назарға алынды.
Дәл осындай кездесуді Мақтаарал ауданында облыстық мәслихат депутаты Жарқынбек Қанаев өткізді. Жиында су тапшылығының алдын алу, шаруалардың суға деген сұранысын толық қамтамасыз ету жолдары талқыланды. Сонымен қатар, каналдарды жүйелі тазалау және сор шаю жұмыстарын тиімді ұйымдастыру бойынша нақты ұсыныстар берілді.
Қазіргі таңда «ҚазСушар» РМК-ның Түркістан филиалы Жетісай ауданында 57,3 мың гектар, ал Мақтаарал ауданында 43,5 мың гектар суармалы алқапта сор шаю жұмыстарын белсенді жүргізіп жатыр. Жоспарға сәйкес, жұмыстар наурыз айының алғашқы онкүндігінде аяқталуы тиіс. Мамандардың айтуынша, сор шаю – жердің тұздануына қарсы күрестегі ең тиімді әдістердің бірі.
Жалпы, Түркістан облысында су қауіпсіздігін қамтамасыз ету, «Достық» магистральдық каналының әлеуетін тиімді пайдалану және шаруаларды су үнемдеуге бағыттау жұмыстары депутаттардың тікелей қатысуымен кешенді түрде жүзеге асырылуда. Бұл қадамдар өңірдің аграрлық әлеуетін сақтап қана қоймай, оның болашақтағы тұрақты дамуына берік негіз қалайды.
Н.ӘБІШОВ,
Түркістан облыстық мәслихатының төрағасы.




