

Түркістан облысы кәсіпкерлер палатасында ауыл шаруашылығына арналған дрондар өндіру жобасын іске асырып жатқан «Avatar Agricultural Technology Development» ЖШС өкілдерімен кездесу өтті.
Кездесу барысында компания Сауран ауданында жүзеге асырылып жатқан инвестициялық жобаның негізгі параметрлерін таныстырды. Жобаның жалпы құны – 500 млн теңге. Машина құрастыру саласына жататын бұл өндіріс іске қосылған жағдайда жылына 600 дана ауыл шаруашылығына арналған дрон шығару жоспарланып отыр. Жоба аясында 10 жаңа жұмыс орнын ашу көзделген.
Қазіргі таңда кәсіпорын Шағын өндірістік аймақ аумағынан өндірістік ғимаратты жалға алып, алғашқы ұйымдастыру жұмыстарын аяқтаған. Сонымен қатар, Қазақстан Республикасының Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің Өнеркәсіп комитетімен инвестициялық шартқа қол қойылған.
Жоба шеңберінде дрондарды өндіру және импорттауға қажетті лицензия алу жұмыстары жүргізілуде. Бұдан бөлек, құрал-жабдықтардың алғашқы партиясы жеткізіліп, 30 дана дронға арналған жабдықтар орнатылып, монтаждау жұмыстары жүзеге асырылған.
Түркістан облысы кәсіпкерлер палатасының директоры Асылан Ибадуллаевтың айтуынша:
«Ауыл шаруашылығына цифрлық және жоғары технологиялы шешімдерді енгізу – өңір экономикасын әртараптандырудың маңызды бағыты. Ауыл шаруашылығына арналған дрондар өндірісін іске қосу – отандық машина құрастыруды дамытуға, агросектордың өнімділігін арттыруға және жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді. Кәсіпкерлер палатасы бұл жобаны барлық кезеңде сүйемелдеуге дайын», – деді.
Кездесу барысында Палата өкілдері жобаны сүйемелдеу, рұқсат құжаттарын рәсімдеу және мемлекеттік қолдау тетіктеріне қол жеткізу мәселелері бойынша тиісті түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Аталған жоба өңірде жоғары технологиялы өндірісті дамытуға және агроөнеркәсіп кешенінің тиімділігін арттыруға серпін береді деп күтілуде.





