Шымкентте Халыққа қызмет көрсету орталықтарының құрылғанына 20 жыл толуына арналған ресми іс-шара өтті. Оған «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы басқарма төрағасының міндетін атқарушы Кенжеболат Арыстанғали, Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек және Шымкент қалалық мәслихатының төрағасы Бахадыр Нарымбетов қатысты.
Шымкенттегі ХҚКО тарихы Мадели Қожа көшесі 1Г мекенжайындағы алғашқы Халыққа қызмет көрсету орталығының ашылуынан басталды. Жиырма жыл ішінде мемлекеттік қызмет көрсету жүйесі айтарлықтай өзгерді: заманауи сервистік стандарттар енгізілді, цифрлық шешімдер мен халыққа қызмет көрсетудің жаңа форматы қалыптасты. Бүгінде қалада 7 ХҚКО және 3 мамандандырылған орталық жұмыс істейді, олар жыл сайын азаматтарға миллиондаған қызмет көрсетеді.
«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының Шымкент қаласы бойынша филиал директоры Айнұр Тобаева халыққа қызмет көрсету орталығының дамуына өз үлесін қосқан мамандардың еңбегін ерекше атап өтті: «Жиырма жыл бойы Халыққа қызмет көрсету орталықтары көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің негізін қалап отыр. Ұйымның табысты қызметі ең алдымен қызметкерлердің біліктілігі мен жауапкершілігіне тікелей байланысты. Қызметкерлердің кәсібилігі мен адал еңбегі арқасында азаматтарға қолжетімді және сапалы қызмет көрсетіп отырмыз. Біз бұнымен шын жүректен мақтанамыз».
Іс-шара соңында жүйенің қалыптасу кезеңінде еңбек етіп, оның дамуына елеулі үлес қосқан қызметкерлер марапатталды. Оларға алғыс сөздері айтылып, «ХҚКО-ның 20 жылдығы» мерейтойлық медальдары, Құрмет грамоталары және алғыс хаттар табысталды.





