• Біз туралы
  • Портал тәртібі
  • Байланыс
Суббота, 8 ноября, 2025
Newqazaq.kz
No Result
View All Result
  • Басты бет
  • Саясат
  • Қоғам
  • Мәдениет
  • Руханият
  • Экономика
  • Аймақ
  • Спорт
  • Құқық-заң
  • Технология
  • Денсаулық
  • Басты бет
  • Саясат
  • Қоғам
  • Мәдениет
  • Руханият
  • Экономика
  • Аймақ
  • Спорт
  • Құқық-заң
  • Технология
  • Денсаулық
No Result
View All Result
Morning News
No Result
View All Result
Home Басты ақпарат

Дарияның арғы жағы, бергі жағы…

08.11.2025
in Басты ақпарат
Дарияның арғы жағы, бергі жағы…

Фото: Нұрболат Нұржаубай

Оқи отырыңыз...

Кәсіпкерлердің құқығын қорғау кеңесінің кезекті отырысы өтті

Состоялось очередное заседание Совета по защите прав предпринимателей

07.11.2025
Кәсіпкерлердің құқығын қорғау кеңесінің кезекті отырысы өтті

Кәсіпкерлердің құқығын қорғау кеңесінің кезекті отырысы өтті

07.11.2025
Сүйінші хабар!   Шымкенттің оқушылары iGEM 2025 халықаралық байқауында күміс медаль иеленді

Сүйінші хабар!  Шымкенттің оқушылары iGEM 2025 халықаралық байқауында күміс медаль иеленді

04.11.2025

(Сұқбат емес, сырласу…)

Таныс адамды таныстыру

Қоғам қайраткері, саясаттану сала­сының философия докторы, Жаңа­қорған ауданының құрметті азаматы, «Құрмет» орденінің иегері Өлмесхан Мәтенұлы Болатбеков есімі Сыр еліне етене таныс.

Алдымен, кейіпкеріміздің өмір деректеріне ден қояйын.

Өлмесханның мамандығы – журналист. Кеңес дәуірінде комсомолда, аудандық партия комитетінде, кино­ландыру жүйесінде, аудандық «Жаңа­қорған тынысы» газетінде басшылық жұмыстар атқарды.

Қызылорда облыстық ішкі саясат бө­лімінің меңгерушісі, Қызылорда қаласы әкімінің орынбасары-арнайы эко­но­микалық аймақ төрағасының орын­басары, білім және мемлекеттік қызмет­шілердің біліктілігін арттыру институты директорының бірінші орын­басары лауазымындағы қызметтерде болды.

Өлмесхан әсіресе «Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясы Қызыл­орда облыстық филиалы төр­ағасының бірінші орынбасары-Сыбайлас жемқорлыққа қарсы Кеңестің төрағасы қызметінде жүрген жылдары халықпен жақын араласты.

Мұнан әрі ол ҚР Президенті жанындағы «Орталық Коммуникация Қызметі» директорының, республикалық «Байтақ болашақ» альянсы басқарма төрағасының кеңесшісі, «Нұр Жаусын – Қызылорда» қоғамдық бірлестігінің директоры қызметтерін атқарды.

Осынша қызметті атқара жүріп Өмекең елдің мұң-мұқтаждығына үнемі алаңдап жүретін азамат есебінде елге танылды.

Бір күні телеарнада сөйлеп жатыр екен: «Қытай дүниежүзін азық-түлікпен қамтамасыз етіп отыр. Бұл елде орта шағын кәсіпкерлік әбден өркендеген. Ел мен жерді аралап жүрген кезде көптеген шаруа қожалығы жетекшілерінің «Мемлекеттен алатын ақша бізге тимейді. Облыс, аудан, ауылға келгенде қаржыны ат төбеліндей ірі шаруа қожалықтары пышақ үсті бөлісіп әкетеді, ұсақ қожалықтар тасада қалып қояды» дегенді жиі естиміз…», – дейді ол.

Өмекеңнің көмейінде көміліп қалатын ештеңе жоқ, ақтарып салады.  Депутаттың дауысы осы кісінің аузынан шығады. Бұл адам жайында хабар түсірген облыстық телеарна оны «қағылез қайраткер» деп атапты.

Мен бүгін қағылез қайраткермен қаланы аралап келе жатырмын. «Жаңар­ған Қызылорданың көрінісіне көз қанық­тырып алып, әңгіме құрайық» деген еді, Өмекең.

Әуелі Ескі базар тұсындағы «Қорқыт ата кітабының 1300 жылдығы» құрметіне қойылған еңселі ескерткіш аясына тоқтадық.

Тасөрнек төселген алаңдағы саялы дарақтардың көлеңкесіне отырғыштар орнатылған. Бала жетектеген келін­шектер аяғын келісті басып, жастар кісі бойынан биік домбыра мүсіні жанына тұра қалып суретке түсіп жатыр.

– Қарашы, қандай әдемі көрініс, – деді Өмекең, – осы жердің шаңы шығып жататын. Жаның демалады. Ертеректе мына жерге амфитеатр түскен еді. Бірақ кейін оның қажет еместігі белгілі болды. Соған біраз қаржы кетті. Бізге «жеті пішіп, бір кесетін» басшылық енді келді ме деймін. Бірақ жақсы болған үстіне жақсы болса екен деген пейілді пер­делемейін. Осындай әдемі саябақтар қаланың шет аймағындағы «Шанхай», «Титов», «Га­гарин», «Бәйтерек» қыс­тақтарына да са­лынса ғой. Олар да қала тұрғындары, олар да бір пәс бала-шағасын жетектеп, шат-шадыман күй кешкісі келеді. Осы қазір саябаққа кеткен қаржы «Сабалаққа» жетпей қалды деген пікірлер бас көтеріп тұр. «Ештеңе де жаман емес өмірде, бар­лық пәле көзің менен көңілде» деп Қадыр ақын айтпақшы, ең бірінші адамның көңіл-күйі шат болуы шарт. Қалғаны да кезеңімен, кезегімен жасалып жатыр.

Жаңа шет аймақтар дедік, сол жақта аяқсу жоқ. Олар аяқсу орнына ауызсуды пайданаланады. Бұл коммуналдық тө­лемді көбірек қажет етеді. Баяғы қала орталығын қақ жарып аққан «Сарқырама» осы шет аймақтарға дейін жеткен. Сол Сарқыраманы сонау елуінші жылдары қала басшысы болған Долдаш Алисов деген кісі қаздырған. Ол кісі қаланы көркейтуге көп жұмыс атқарды. Іскерлік, ізеттілік иесі есебінде аты қалды. Әрине, ол кездегідей «дарияның толқындарын тартып ала» ағатындай емес, қазір дария деңгейі өте төмен. Дегенмен, суды сорғышпен шығарады, сондықтан шет аймақтар аяқсудан қағажу көрмесе екен деген тілек бар.

Мен Қазақстан қалаларын көп аралаймын. Жұмысым болмаса да өзімше автотуристік саяхат жасауды жақсы көремін. Соңғы жылдардың өзінде Орал, Ақтөбе, Қостанай, Павло­дар, Тараз, Талдықорған қала­ларында болдым. Тек қаладан қайтпаймын, алыс ауылдарға, олардың шетінде мал ұстап отырған шаруаларға да соғамын. Құрқол бармай, сыйлығымды, кейде Сыр елін бейнелейтін сувенирлерді ала барамын. Олар қуана қарсы алып, «қонағым көрсін, өзім жеймін» дегендей, қазақы дәстүрмен күтеді. Қызылорда жайында жақсы пікірлерін айтады, ондайда мен қуанамын.

Жаңа біраз қалаларда болғанымды айттым, сол қаладарда біздегідей (осы «Қорқыт ата кітабының 1300 жылдығына» арналған ескерткіш саябағы секілді) саябақтар жоқ. Бұл – біздің қала келбетіне мән беруіміз ғана емес, адамдардың көңілін көтеретін жағдай туғызуға деген жауапкершілігіміз. «Кө­тер­месе көңілді кір басады» дейді қазақ. Жалпы біздің халқымыз көңілге айна деп қарайды, «қалған көңіл – шыққан жан» деп көңіл қалдыруды өлімге апарып тірейді. Бүгінде әлеу­меттік желіні жел сөзге, желбуаз ойға желбезек қылып, айқайлап жүретіндер көп. Ал қалаға шықсаң, жаның тыныш табады. Негізі атқарған жұмысың бүгіннің ғана қажеттілігін өтеп қоймайды, ол ертең үшін де құнды. Сон­дықтан Орталық алаңдағы, Президент паркіндегі, теміржолды жағалайтын Яссауи көшесі бойындағы, Б.Шөкенов атындағы парк, теміржол вокзалы алаңы, мәдениет және демалыс саябақтары мен аллеялар біздің қаланың адам көңілін сәулелендіретін сәулеті деп білемін.

***

Мұнан әрі біз сүліктей «Лексуспен» Яссауи көшесі бойына шықтық. Өлмесхан аға көлікті су бетінде сыр­ғығандай жүргізеді. Жөндеуден өткен тақтайдай тегіс көшелер де көңілді көтереді.

Жаңағы айтқандай, осы жылы абат­тандырылған теміржол жағасын тама­шалап келеміз. Жайлы ағаш орын­дықтар, жалтылдап жатқан аяқ­жолдар жарасымды көрінеді. Бұл көркемдікке кәсіпкерлер де өз үлесін қосыпты, шыныдан салынған гүл сататын дүкен, «Сам мой» көлік жуу орны әрі қажеттілік, әрі әдемі көрініс беріп тұр.

Өмекең осы жерде көшені бойлай қадалған бойшаң қаламшаларға қарап сөз бастады.

«Бөленген көшелері ақ қайыңға…»

Біздің қалаға, баяғы Ақмешіт болып тұрған кезінде ақ қайың көп егілген. Патша үкіметі бұл бекіністі болашақ көрікті қалалардың біріне айналдыруды ойлаған. Ал Кеңес үкіметі келгесін қуғын-сүргін, аштық, жоқшылық басталды, ақ қайыңға қараған ешкім жоқ, содан бұл сұлу ағаштар қурап кеткен. Әйтсе де, бәрі құрып кеткен жоқ-ты. 1950-1960 жылдардың өзінде көшелерде ақ қайыңдар тербеліп тұрған.

Композитор Тәңірберген Қалауов пен ақын Махмұтбай Әміреевтің «Қызыл­орда вальсі» деп аталатын әні бар ғой. Сонда ақынның:

«Шалқыған шаттық әні бақтарында,

Бөленген көшелері ақ қайыңға.

Дарияның жағасында бір қала бар,

Айналған Сыр елінің мақтанына», – деп төгілуі, бұл – сол кездегі Қызылорданың бейнесі.

Біраз кісі Махаң жоқ ақ қайыңды қайдан тауып алған деседі, көрмегесін айтады. Қазіргілер Қызылордаға ақ қайың ексе өсер ме еді дейді, елуінші жылдарды естімегесін айтады.

Ал, енді мына талдарға қараңызшы, көше бойлатып қадап тастапты. Цемент арықтар қақсып жатыр.  Талдар тамшылатып суаруға көне ме? Бойы үш-төрт метр, оның ұзынабойына нәр барам дегенше, төбесінен күн өткен сияқты, көктегенін көріп тұрсың ба? Ендігі жылы тағы егіледі, тағы тамырынан тырысады. Шіркін, нағыз жасыл жа­пырақ жайқалып тұратын жер – осы. Пойызбен олай-былай өткен жолау­шылар ақ қайыңға көз суарып, қайта айналып көргенше Қызылорданы сағынып жүрер еді.

Е-е, мынау қауынбазарға назар ауда­рыңыз. Қаланыкі емес, кол­хоздыкіндей. Осыдан бір-ер жыл бұрын «Сыр бойы» газетінен бұрынғы қала әкімі Асылбек Шәменовтің сұхбатын көзім шалып еді. Сол сұхбатта: «Теміржолмен жарыса жүретін Яссауи көшесін абаттандыру жұмыстары да басталмақ. Бұл көше кеңейтіліп, оның бойында түрлі демалыс орындары орналасады. Жоба жасалып, қаржысы шешіліп тұр. «Шұғыла» шағын ауда­нындағы қауын-қарбыз сататын базар жаңартылады. Кәсіпкерлер ны­санды біздің концепсиямызға сай жа­сайтын болады. Бұл арба итеріп жүретін, көрпе жамылып жататын базар емес, заманауи түрдегі, іші сыртынан көрінетін шыны қабырғалы, қауын-қарбызды қабыл­дайтын зертханасы, адамдар отырып демалатын дәмханасы бар сәнді базарға айналады…», – деген сөз бар.

Бірақ әлі қарағай қабырғалы ашық-шашық «Алай базар» болып тұр. Ал, көше құрсаулаған көпқабатты үйлердің сырт келбеті сырланып, әдеміленген. Мұны айту керек.

Мынау – Мұстафа Шоқай көшесі, ол төрт жолақты болып тамаша жөндеуден өткен. Міне, ескі автовокзал тұсына да келіп жеттік. Осы маңдағы екі қабатты үйлерді қоршап қойғанын көріп тұрмыз. Әжетханалары сыртқа орналасқан, иіс­тенген жер еді. Бұл үйлердің тұр­ғындары соңғы жылдары жаңа баспана алып көшті. Енді екі қабатты тозық үйлер озық үлгідегі құрылыстар алаңына айналмақ.

Жалпы қалада соңғы жылдары са­лынған келбетті ғимараттар көп-ақ.

 

Күн сүйген келбетіңнен айналайын

Қызылорда – біздің бесігіміз, жер бетін жеті айналсақ та мұндай ыстық мекен жоқ. Сондықтан соңғы жылдары қала келбетін танымастай күйге ендірген аймақ басшысына алғыстан басқа айтырымыз бар ма? Облыс бюджеті 2022 жылы 364 млрд теңге болса, биылғы жылы 851,3 млрд теңгеден асқан. Цифр оқи алатын адам осыдан-ақ қыруар жұмыстың есебін шығарады.

Аймақ басшысының бас­та­ма­сымен қалада «Отбасы орталығы», «Өнер орталығы», сонымен қатар, «Атымтай жомарт» атан­ған белгілі кә­сіп­кер Марат Дүйсен­баевтың де­меу­ші­лі­гімен «Анаға тағзым» орталығы бой кө­терді. Бұл әсем ғи­мараттар қаланың сәу­летін ар­ттырып, ха­лық қажетін өтей­тін ерекше тарту болды.

Болат Өтемұратов қоры­ның қол­дауымен ха­лықаралық талаптарға сай «Қорқыт ата» әуежайының жаңа тер­миналы іске қосылды. «Қаз­ГерМұнай» ком­пания­сының демеу­шілігімен са­лынған за­манауи үлгідегі 350 орындық «Оқушылар сарайы», облыс бюджеті есебінен бой көтерген, тәулігіне 3 мың оқушы түрлі үйірмелер мен спорттық секцияларға бара алатын «Сыр жұл­дыздары» шы­ғармашылық-инно­вация­лық акаде­мия­сы Қы­­­зыл­­орда кел­бетін күрт өзгерткен өз­геше бет-бейне болды.

Біздің қаланың түнгі көрінісі тіпті керемет. Көше бойы сап түзеген бағаналар басынан диодты жарық шашылып тұ­рады. Бір блогер жерге қонып келе жатқан ұшақтан түнгі қаланы бейнежазбаға түсіріп, оны әлеуметтік желіге «Бұл – Нью-Йорк емес, Қызылорда» деп дәріп­теп көрсетіпті. Менімше, орынды мақ­таныш. Мен кемпірқосақтай көз арбаған флекс неон шамдарын бағана айтқан қалалардың бәрінен көрген жоқпын.

Бұл да сұлу Сырдың биік талғамы болар.

Сол жағалау – олжа, қалау

Біз қаланы бойлай өтіп, Сырдария көпірі арқылы сол жағалауға жеттік. Өмекең рульде отырып-ақ та мәнді әңгімелерін ағытты. Мен үлгергенімше көшіріп алуға тырысып бақтым.

Тоқтай қалады, түсе салады. Әбжіл, байқампаз, қырағатты.

Бұл жерде де сөз тінін алысырақтан тартты. Мазмұны – мынау.

 

***

…Тағы да Махмұтбай ақынға соғайық, «дарияның жағасында бір қала бар» деп еді, бүгін қала дарияның екі жағасын тел еміп жатыр.

Сол жағалаудағы мына біз келіп тұрған жаңа Қызылорда – бүгіннің қалауы, ертеңнің олжасы.

Қырымбек Көшербаевтың әкім болып тұрған кезінде басталған игілікті Нұрлыбек Нәлібаев иін қандырып, шы­райлы шаһарға ай­нал­дырып жіберді.

Бұрынғы кезде Қы­зылорда мен Гурьевті көрген жұрт «большая деревня» деп атайтын. Тәуел­сіздік алған соң Гурьев Аты­рау болды, көп ұза­май ол бұ­рынғы «үлкен ауыл» атын мансұқ қылып, мұнайлы астана атала бас­тады. Сол кездегі облыс басшысы мұнай игеруге келген шетел инвестор­лары арқылы қалаға қаражат құйып, зәулім ғимараттар салып, көркін асырды. Ал Қызылорда сол дәрежесінде қала берді.

Қазір біздің қаламыз еліміздегі кез келген облыс орталығымен әсемдік сынына түсе алатындай күйге жетті.

Әсіресе, осы сол жағалауда бой көтерген 9-10 қабатты тұрғын үйлер мен көрікті ғимараттар қаланы жаңаша түрлендірді.

Бой көтеріп жатқан нысандардың бәрі де халық үшін ең қажет орындар. Тарихи- өлкетану музейі, музыка колледжі, авто­вокзал, теннис орталығы, Жастар орта­лығы… Мысалы, мына физика-математика мек­теп-интернатына зер салыңыз.  Ашыл­­­ғанына жарты ғасыр болған Алма­ты­дағы О.Жәутіков атын­дағы рес­пуб­ликалық физика-математика мек­тебінен осы кезге дейін еліміздің дамуына ерекше үлес қосқан қаншама тұлғалар түлеп ұшты.

Енді талапты жастар осындай жоғары және сапалы білімді алысқа ат сабылтпай-ақ, өз қаламыздан табады. Бұл керемет жетістік емес пе?!

Осы ғимараттардың бәрі бір-бірімен үйлесім тауып тұр. Қасбетінен бастап, ішкі әлеміне дейін мазмұнына сай.

Маған бір ой келеді, алдағы бой кө­теретін нысандар бұлардан да еңселірек болса деймін. Жоғары қара­ғанда қал­пағың төмен түсетін ғи­мараттарды да көрерміз, әлі.

«Тарта жесең тай қалар, тартпай жесең, нең қалар?» деуші еді, шешем жарықтық. Сол сөз есіме түскенде қазіргі кезеңде ең керекті нәрселерді бір түгендеп алудың маңызы зор шығар деймін.

Сол «ең керектің» бірі – қаламызда бой көтерген жылу-электр орталығы.

Бұрынғы жылу-электр орталығы сонау 1964 жылы салынған. «Ескіні жамап есің кетеді» демекші, қанша жөндеуден өтсе де енді оның қажетті қуатты өндіре алмайтыны анық.

Сондықтан заманауи үлгідегі 240 МВт электр энергиясы мен 277 Гкал жылу энергиясын өндіретін жаңа жылу электр орталығының іске қосылуы қы­зыл­ордалықтар үшін қалаулы өндірістің басы еді. Ол облыс халқын электр энергиясымен қажет көлемде қамтамасыз етіп, қуатты артық өндіріп басқа аймақтарға сатуға қауқарлы.

Жақында ғана Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қызылордаға келді. Президент қаланың жаңа келбетіне, аймақтың даму дина­микасына көңілі тола­тынын мәлім етті, облыстағы ат­қа­рыл­ған жұмыс­тарға оң баға берді.

Барды бар деу ләзім, қаланың кіреберіс қақ­пасына көз салыңыз. Ал­дыңызда әдемі, үлкен қала­ның күтіп тұрғанын сездіреді.

Осындай кіреберіс «ар­калар» аудан былай тұр­сын, бар­лық ауыл­дарға ор­натылды. Өйт­кені, әр ау­дан, әр ауыл қалаға қарап үлгі алып отыр.

***

Бұл – Өлмесхан Мәтенұлының дария­ның арғы жағы мен бергі жағын жағалап, қала аралап жүріп айтқандары. Мәртебелі шындық алдында ғафу өтінем, Өмекеңнің көп сөзін бір мақалаға сыйғыза алмадым.

Ол кісі республикалық телеар­налардағы «Талқы», «Ашық алаң» секілді ток-шоуларға жиі шақырылады екен. Маған осы жақтағы ой талқылары тіпті қызық көрінді. Ел жағдайын ойлап, екі өкпесін солықтырған Өмекеңнің ащы да өткір пікірлері еріксіз тыңдатады. Журналистер жүгін жеңілдетіп жатқан адамды қайта-қайта шақырмай қайтсін.

Біз де бір кезегі келгенде елдің жоғын іздеп, барын баянды ететін сол әңгі­мелерге оралармыз…

Дүйсенбек АЯШҰЛЫ,

«Сыр бойы»

 

 

 

 

 

 

 

ShareTweetShareSendShareShare

Добавить комментарий Отменить ответ

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Соңғы жаңалықтар

Қазақстан, Clearbrook және AG-Tech энергия сақтау жүйелерін өндіретін зауыт салады

Қазақстан, Clearbrook және AG-Tech энергия сақтау жүйелерін өндіретін зауыт салады

08.11.2025
Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі мен Cisco компаниясы өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды

Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі мен Cisco компаниясы өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды

08.11.2025
Дарияның арғы жағы, бергі жағы…

Дарияның арғы жағы, бергі жағы…

08.11.2025
Facebook Instagram Youtube Telegram VK Twitter

Материалдар мен ақпараттарды портал брендін көрсетіп, гиперсілтеме жасаған жағдайда ғана қолдануға рұқсат етіледі. Ақпараттан мәтін,  мәтін бөлігі немесе дәйексөз алынғанда міндетті түрде тиісті сілтеме көрсетілуі керек.

Құпиялылық саясаты

Қазақстан Республикасының Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің Ақпарат комитетінде тіркеліп
ақпараттық агенттігі ретінде 19.03.2021 ж. № KZ72VPY00033653  куәлігі берілді.

E-mail: newqazaq@mail.ru
Телефон: +7 707 460 8546, +7 701 319 99 91
Мекен жайы: Қазақстан Республикасы, Шымкент қаласы

© 2021-2025. Newqazaq.kz - ақпараттық агенттігі. Барлық құқықтар сақталған

No Result
View All Result
  • Басты бет
  • Саясат
  • Қоғам
  • Мәдениет
  • Руханият
  • Экономика
  • Аймақ
  • Спорт
  • Құқық-заң
  • Технология
  • Денсаулық
  • Біз туралы
  • Портал тәртібі
  • Байланыс

© 2021-2025. Newqazaq.kz - ақпараттық агенттігі. Барлық құқықтар сақталған